«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Түркістан облысы Қазығұрт ауданына барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Олардың қатарында «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов, комиссия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан болды.
Мәселен, Шарбұлақ ауылында өткен кездесуде комиссия мүшелері Қазығұрт, Төлеби, Жетісай және Сарыағаш аудандарының тұрғындарымен әңгімелесті. Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі өндіріс орны «Сапа-2002» ЖШС-нің өндіріс алаңында өткен кездесуде Мұрат Теміржанов заңсыз бөлінген, мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ортақ қорға қайтаруда мемлекеттік органдардың қызметі қайта қарастырылып, құзыреті күшейтілгенін жеткізді.
Ал халық қалаулысы Бақытжан Базарбек болса, аталған комиссияның ықпалымен ауылшаруашылығы мақсатындағы 10 млн. гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді.
Мәжілісте «Жайылымдар туралы» заң жобасы әзірленіп, Сенат қарауына жолданды. Республикалық «Жер аманаты» комиссиясы тарапынан заң жобасының нормаларына қоғамдық жайылым ұғымын енгізу ұсынылды. Яғни, қоғамдық жайылым деп танылған жерлер бұдан былай аукцион арқылы сатылымға түспейді. Орман қорына жататын кейбір аймақтарға қатысты жайылымды басқару жоспары қабылданады. Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру конкурсының талаптарына бірқатар нақты шектеулер енгізіледі. Мұның бәрі ең алдымен ауыл халқын жайлымдық жермен қамтамасыз етуді көздейді, – деді Бақытжан Базарбек.