Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар 6 азық-түліктің бағасы көтерілген

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2016
  • 2543

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар 6 азық-түліктің бағасы көтерілген. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осылай деді. Министрлік 33 тауардың бағасын таразылап шыққан. Статистика комитетінің мәліметінше, түйiршiктелген қара шайдың құны жыл басынан бері шамамен 136,9 пайызға, жұмыртқа -  118,9, қант - 116,7, бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген нан - 118,7,  тауық еті - 117,9, ұнтақ жарма - 114,5 пайызға қымбаттаған. Ал Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазіргі кезде жергілікті билік органдары бағаны ауыздықтаудың амалдарын қарастырып жатқан көрінеді.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Қазіргі кезде жергілікті билік органдары тұрақтандыру қорларын пайдаланып, тиісті интервенцияларды жасап жатыр. Әкімдіктер осы жұмысты белсенді түрде жүргізіп, бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеуі тиіс.

Азық-түлікпен қатар тарифтердің бағасы да басты назарда. Министрдің айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі қыркүйек айынан бастап Табиғи монополия өкілдерінен ешқандай ұсыныс қабылдап жатқан жоқ.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Елбасының тапсырмасына сәйкес, қыркүйек айынан бастап табиғи монополия өкілдерінен ешқандай ұсыныс қабылданған жоқ. Бұл талап 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін өз күшін жоймайды. Әрі қарай жағдайға байланысты ұсыныстар қабылдайтын боламыз. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы экономикалық саясат бойынша кеңестің 2016 жылға реттемелі тарифтердің инфляцияға қосқан үлесі 0,99 пайыз деңгейінде. Қазіргі уақытта аталған үлес 0,825 пайызды құрайды.