Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылусыз отырған Теміртау тұрғындарының жайы Үкіметке жетті

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2016
  • 2400

Теміртау тұрғындары тоңып отыр. Жылыту маусымы басталғалы жылу орталығында 17 рет апат болған. Шахар жөні түзу жылуға қашан қол жеткізеді? Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аймақ әкіміне осы сұрақты төтесінен қойды. Премьердің айтуынша, бүгін таңертең шахарда тағы бір қазандық істен шыққан.

Көпқабатты үйлерде жылу мардымсыз деп шағымданған теміртаулықтар арнамызға тынымсыз қоңырау шалып жатыр. Солардың бірі Батыр есімді азамат, үйіміз даладан бетер суық, екі балам тұмауратып жатыр, деп налиды. ПИК өкілдеріне жағдайды айтқанымызбен, ештеңе өзгермеді, енді не істерімізді білмей дағдарып отырмыз, дейді шарасыз тұрғын.

Балауса Әбілова, Теміртау қаласының тұрғыны:

Мына батареяны ұстап көрсеңіз, давление жоқ. Мұздай. Бала жөтеліп жатыр. Батарея атып кетті. «Елмен көрген той» деп 1 апта мұздай суықта отырдық. Жылы болып тұру керек, жоқ.

Шахардағы шырылдаған халықтың үні Астанаға да жетті. Үкіметтің бүгінгі жиынында Премьер-министр Қарағанды облысының әкімі Нұрмұxамед Әбдібековтен орын алған жағдайдың себебін түсіндіруді талап етті.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Жылыту маусымы басталғалы Теміртаудағы "Арселор Миттал Теміртауға" қарасты жылу станциясында 17 апатты жағдай болған. Тұрғын үйлердегі температура - 16 градус, ауа температурасы төмендегенде ол 12 градусқа түседі. Халыққа осы мөлшердегі жылудың беріліп жатқанын айтып мақтанудың реті жоқ, меніңше. 

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Үш қазандық үнемі жұмыс істеп тұр, соңғы үш күнде апатты жағдайлар көбейгені рас. №5 және №2 жылыту қазандықтары істен шықты. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша тиісті шаралар қолданылып жатыр.

Аймақ әкімі "апат болған қазандық бүгін кешке дейін жөнделеді, жағдай тұрақталады" деп уәде берді. Айта кетейік, бұл ЖЭО-ғы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі. Таяқтың бір шеті энергетика министрлігіне де тиді. Үкімет отырысынан соң министр Теміртаудағы ахуалды тәптіштеп түсіндірді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

ТЭЦ-те 6 қазандық бар, соның 3-і ғана жұмыс істеп тұр бүгін, 7-8 рет қажетті температуралық режим  сақталмаған, әкімшілік қатаң бақылауға алып, 30 желтоқсанға дейін бірінші қазандықтың жөндеуін бітіру керек. 

Министр Бозымбаев еліміздегі жылу электр стансаларында 3 млн тоннадан астам көмір мен 124 мың тонна мазут қоры бар екенін атап өтті. Бұл бекітілген мөлшерге сәйкес,-деді. Ал  Үкімет басшысы  министрлікке қазандықтар мен жанармай құю бекеттеріндегі отын қорын бақылауда ұстауды тапсырды. Өңір басшыларына «халық жаңа жылды жылусыз қарсы алмасын» деп қатаң ескертті. 
  
Базаргүл ОТЫНШИЕВА