Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған" - ҚР ІІМ

Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат тарап жатыр. «Жер сілкінісінен кейін цунами, 12 балдық жер сілкінісі болады, эвакуациялайтын орындар жабық тұр, қалада атыс болды, Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен Қазақ ұлттық университетінің жатақханалары құлады» деген ақпараттың барлығы -жалған. Сондай-ақ, Астанадағы үйлер де тербелді деген мәлімет шындыққа жанаспайды.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

ҚазҰУ-дың №6 және №8 жатақханасы қирады және зардап шеккендер бар деген жалған ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Біз дереу ақпараттық хабарлама жібердік, біздің өкілдер барлығын орнында тексерді, бар-жоғына көз жеткізді. Иә, ғимараттарда ұсақ жарықтар пайда болды, бірақ құлау қаупі жоқ. Тиісті жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде жағдай толығымен бақылауда, біз барлық ректорлармен байланыстамыз.

Алматыда кеше түннен бері жедел желі жұмыс істеп тұр. Түнде байланыс орталығына 400-ге жуық қоңырау түскен. Айта кетейік, қалада үйлерді тонау деректері болмаған. Таң атқанша 2 жарым мыңға жуық полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Егер бір жыл ішінде азамат кезекті рет жалған ақпарат таратса, онда ол 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы немесе 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.

Арыстанғани ЗАППАРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Түнде қоғамда және әлеуметтік желілерде негізсіз дүрбелең мен үрей тудырған жалған ақпарат тарады. Бүгінгі күнде Алматы полиция департаментінің жедел қызметкерлері жалған ақпараттардың авторларын анықтап, жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде. Біз азаматтарды ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз және тек ресми ақпарат көздерінен алынған мәліметке сенуге кеңес береміз.