Русский Сайттың толық нұсқасы

"Адам бол": Қазақстан мен Нолливуд жаңа фильм түсіруде

Қазақстан мен Нолливуд күш біріктірді. "ProMooving" продюсерлік орталығы мен "DOSFILM" компаниясы нигериялық кинематографпен бірегей киножобаға кіріскен. Жаңа фильмді түсіруге нигериялық кино мамандары да атсалысуда.

Фильм комедиялық экшн жанрында түсіріліп жатыр. Оқиға желісі бойынша қазақстандық үш жігіт Африкаға кездейсоқ барады. Басты кейіпкерлер - ірі кәсіпкердің еркетотай ұлы, автосалон басшысы және жеткізіп беруші жігіт. Олар қара құрлықтағы жергілікті тайпалар мен қылмыскерлердің қолына түседі. Тұтқында болған жігіттердің өмірге деген көзқарасы өзгере бастайды.

Алмас ӘЛІМЖАН, "АДАМ БОЛ" ФИЛЬМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан мен Нигерия арасындағы үлкен жобаның түсірілім жұмыстары жалғасуда. «Адам бол» фильмі бұл Қазақстандағы Нигериямен, яғни Нолливудпен бірлесіп түсіретін толық копродукция болып саналады. Бұл жобаның жалпы идеясы осыдан жарты жыл бұрын ойға келген болатын. Нигерияға келіп, зерттеу жұмыстарын жасап, енді бүгін міне, түсірілім жұмыстарына кірісіп жатырмыз.

"Адам бол" киносының екінші режиссері -Чета Чуку. Оның бұған дейінгі туындылары Netflix Africa және Prime TV-да көрсетілген.

Чета ЧУКУ, РЕЖИССЕР:

Бұл жобадан күтерім көп. Ең алдымен ортақ жұмыс арқылы екі елдің мәдениеті арасындағы шекараларды жою. Жаңа бастама - киноиндустриядағы жаһандануға келген сияқты. Бұл Қазақстан мен Нигерияда түсірілген алғашқы фильм. Менің ойымша, бұл тамаша туынды болады. Жаңа жоба кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтады.

"Адам бол" әлемдегі ең ірі шетелдік киностудия базасында өндірістік тәжірибеден өткен алғашқы қазақстандық кинотуынды болмақ.

Фильм биылғы жылдың сәуір айында көрермен назарына ұсынылады. Әзірге «Адам бол» атауындағы кино Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Африка құрлығында Netflix Africa және Prime TV танымал платформалары арқылы прокатқа шығады.