Русский Сайттың толық нұсқасы

Биліктен үмітін үзген оралдықтар өз көшесін өздері жөндеп алды

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2016
  • 2951

Жергілікті биліктен үмітін үзген Орал қаласындағы Кеңес Одағының батыры Михаил Абдолов көшесінің тұрғындары өз көшелерін өздері жөндеп алды. Бұл үшін олар әр үйден 80 мың теңге ақша жинапты. Жиналған қаржыға топырақ пен ескі асфальт тасып, жолды биіктеткен. Жолдың ой-шұқыры бітеліп, тегістелгесін, көшенің өңі кіріп қалды, дейді тұрғындар. Өйткені күз бен көктем кезінде жаңбыр жауса, бұл көшеде адам түгілі, көлік жүре алмайтын. Осыдан аузы күйген тұрғындар әкімдіктен көмек болмасын біліп, өздері асарлатып үлкен істің басын қайырыпты.

Раиса Ыдырысова, Орал қаласының тұрғыны:

Жарты жол деген керім батпақ болды. Таңнан тұрғанда қараңғыда балалар батып жатады шыға алмай, етіктеріне су кетіп. Сосын мәшинелері бар кісілер көлігін тұтатып, балаларды тегіс жолға шығарады. Сондай қиындық болды. Қазір енді рахат! Мына жолды салған жастарға көп рахмет!

Ал Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлімінің өкілдері тұрғындардың мұндай игі бастамасын құптап отыр. Олар қажет болған жағдайда жобалау-сметалық құжаттарын жасауға көмектесуге дайын екендігін білдірді.

Бекжан Тоқжан, Орал қалалық ТҮКШ және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Біз оларға, қажет болса, автогрейдер әлде жүк көлігі секілді техникамен көмектесер едік. Бірақ біз бюджет қаржысымен ғана жұмыс істейміз. Бірақ осылай өтініш білдіргендердің бәріне көмектесе берсек, біздің негізгі жоспарлы жұмысымыз тоқтап қалады. Сондықтан азаматтардың осыны түсінгені жөн. 

Еркін КАРИН