Солтүстік Қазақстан облысында қарақшылық, зорлау, ұрлық және кісі өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған ер адам 25 жылдан кейін бостандыққа шықты. Бұл оқиғадан тұрғындардың мазасы кетіп, алаңдаушылығын туғызды.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Петропавл тұрғындарын үрейде ұстаған қылмыскердің қолынан 10 әйел мен бір кішкентай қыз зардап шекті. Ер адам халық аз жүретін жерлерді торуылдап, құрбандарының артынан келіп, балтамен бастан ұрған. Зорлап, тонап, шешіп алған алтын бұйымдарды әйеліне сыйлаған. 1999 жылы қолға түскен маньяк, кесілген жаза — 25 жылды толық өтеп, бостандыққа шығып отыр.
Бұл хабарды Петропавл тұрғындары үреймен қарсы алды. Қазір түрлі мессенджерлерде және әлеуметтік желіде бірін-бірі ескерткен хабарламаларды кездестіруге болады.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғыны осы жылдың 12 қаңтарында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шықты. Алайда оған соттылығы толық өтелгенге дейін 8 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген.
«Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам облыс орталығына келген соң, әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Полиция оны «әкімшілік қадағалауда тұрған адам» санаты бойынша профилактикалық есепке алды.
Сот есепте тұрған адамға қатысты бірқатар шектеулер белгіледі: тұрғылықты үйінен сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін, қала сыртына шығуға болмайды, ішімдік мен есірткі тұтынуға, демалыс орындарына баруға тыйым салынады. Белгіленген талаптарды бақылау үшін электрондық бақылау құралы — электронды білезік қолданылды.
«Оны тексеру кестесі жасалды. Жергілікті полиция қызметі, криминалдық полиция бөлімінің басшылығы, сондай-ақ аймақтық жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жауапты болып тағайындалды», - деді полиция қызметкерлері.