Көлік жуу орталықтары мен моншалар суды қайта пайдалану құрылғысын орнатуға міндетті. Бүгін Үкімет отырысында осындай бастама көтерілді. Судың да сұрауы барын әзірге ұғынып тұрған жоқпыз. Үнемдегендерге жеңілдік жасалып жатыр. Бірақ мүмкіндікті кәдеге жаратуға қызығатындар көп емес. Сала жұмысын реттеу үшін тұжырымдама қабылданды. Ол шаш етектен асатын мәселені шеше ала ма? Бекболат Сатуов тарқатады.
Қазақстанның 8 су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық саналады. Соның салдарынан Қазақстан негізінен көрші елдердің су шаруашылығы саясатына тәуелді. География және су қауіпсіздігі институтының деректеріне сәйкес, 1960 жылмен салыстырғанда Қазақстан аумағындағы орташа көпжылдық өзен ағыны 12,5 шаршы шақырымға азайды. Сондықтан трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту маңызды.
Нұржан НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
Трансшекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын бірлесіп пайдалану, қорғау туралы жаңа екіжақты және көпжақты шарттық базаны құруды және қолданыстағы шарттарын жетілдіруді талап етеді.
Гидротехникалардың жағдайы да мәз емес. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді. Мәселен, Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі — 30 пайыз. Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Нәтижесінде 40 пайыз су ысырап болуда. Тіршілік нәрін үнемдеп пайдалануды Үкімет басшысы тағы бір ескертті.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50 пайызын өтейміз. Биыл бұл межені 80 пайызға дейін көтеру жоспарлануда
Суды дәл осы ауыл шаруашылығы саласы көп пайдаланады. Тамшылатып суару технологиясына басымдық беріліп, субсидия төлеудің себебі осында. Жалпы сала ескі технологиямен жұмыс істеп келеді. Жаңадан құрылған министрлік кемшіліктерді бүкпесіз жеткізді. 2030 дейінгі тұжырымдама аясында 20 жаңа су қоймасын салынып, қолданыстағы 15-і қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам суару арналары мен гидротехникалық құрылыстарды жөндеуден өтеді. Тұжырымдама негізінде Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы құрылады. Осы арқылы министрлік су нысандарының деректерін, гидротехникалық ғимараттар, су бассейіндік учаскілер, гидропосттар, ғарыштық мониторинг жүргізуге, электрондық форматтағы паспортын көруге мүмкіндік алмақ.