Русский Сайттың толық нұсқасы

Кентауда 15 күндік отын қалды

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2016
  • 3963

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласын жылумен қамтамасыз ететін орталықта бар болғаны 15 күнге жететін отын қалған. Бұл туралы аймақтағы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы облыстық әкімдікте өткен кезекті жиында айтты. Басқарма басшысы Марғұлан Марайымның айтуынша, талапқа сәйкес қатты отын тасымалданатын ара қашықтық 200 шақырымнан алшақ болған жағдайда қорда кемінде 20 тонна қатты отын болуы тиіс екен. Егер тез арада көмір мәселесі шешілмесе, кентаулықтар жылусыз қалуы ғажап емес, - деді.

Марғұлан Марайым, ОҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Кентау қаласының орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін «Кентиаусервис» МКК қоймасында көмір қоры бүгінгі күнге 7700 тонннаны құрап отыр. Жолда 60 вагон немесе 4000 тонна көмірді қоса есептегенде, бұл 15 тәулікке ғана жетеді. Көмір тасымалдау мерзімі 8-9 күнді алатынын ескеретін болсақ, стансада апатты жағдай орын алу қаупі бар.

Ал Кентау қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы телефон арқылы берген сұқбатында түйткілді мәселе шешіле бастағанын хабарлады. Мәселе тасымалдауға байланысты туындаған көрінеді.

Жанна Әлімбаева, Кентау қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы:


Бұл жолғы отынның кешіккен себебі темір жол саласында қиындықтар туған ба, сондай, әйтпесе қаржы көмірге жеткілікті дейді. Кешігіп жатқан жоқ. Уақытылы келіп жатыр. Кеше түнде  30 вагонды түсіріп алды. Енді артынша тағы 30 вагон келе жатыр. Және 30 вагонға тапсырыс беріліп қойды, ол да келеді жақында.

Еске салайық, 2012 жылы Кентау қаласының орталық жылыту жүйесіне тәуелді тұрғындары қақаған қыста дірдек қағып қалған болатын. Ол кезде жылу орталығында апат болды. Айта кетейік, шаһарды жылытуға жауапты ТЭЦ-5 орталығы 375 көп қабатты тұрғын үй мен 2 мыңға жуық жеке баспананы жылумен қамтамасыз етеді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ