Русский Сайттың толық нұсқасы

Азаматтардың жеке деректері қалай таралып кетеді?

Ақтауда полицейлер базасындағы жеке мәліметтерді сатқан хакер 3 жылға сотталды. Ол 2019 жылдан бастап Маңғыстау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері арасында байланыс орнатқан. Тәртіп сақшыларына компьютер жөндеуге, желіге қосылуға және ақпаратты қалпына келтіруге көмектескен. Жалпы, жұрттың жеке деректері, телефон нөмірлері қалай тарап кетеді? Танымайтын адамға өз қызметін ұсынатын компаниялар мәліметтер базасын қайдан алады? Тілшіміз анықтап көрді.

"Бөтен нөмірлер мазамды алды". Астаналықтар әлеуметтік желіде бұл туралы көп жазады. Жеке дерегі мен телефон нөмірі түрлі компаниялар арасында сатылып кеткенін айтады. Әртүрлі медициналық орталықтар, қызмет көрсету компаниялары өз жұмыстарын жарнамаласа, микронесие ұйымдары үздіксіз СМС-хабарлама жібереді екен.

Жеке деректеріміз сатылып жатыр. Соңғы кездері әртүрлі медициналық орталықтар мен тамақтандыру орталықтары телефон соғып, хат жазып, жарнамаларын ұсынады. Менің нөмірімді қайдан алдың деп сұрасам, кейбірі тұтқаны қоя салады. Ал кейбірі сөзімді тыңдамастан, жарнамасын жалғастырады. Ал тағы біреулері жарнама агенттіктерімен тығыз байланыста екенін және олар деректер база ұсынғанын айтып мойындайды.

Жалпы, жұрт бөтен нөмірден хабарласатындар көп екенін айтады. Аптасына 2-3 мәрте өз қызметін ұсынатын компаниялар мазаны алады, дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бір рет болды. Кеше звандады.
- Аласың да жауап бересің, бөтен адамдар ғой. Көбінесе сол микрокредит, кредит дейді, финансирование.
- Иә, звандайды. Сосын мен оларды заң алдында жауап беруге шақырамын.
- Егер звандаса, мен бірден полицияға хабарласамын. Мынадай нөмірлер мазамды алып жатыр деп хабар беремін.

Қоңырау шалушылар телефон нөмірін әртүрлі жолмен табады, дейді мамандар. Ал егер жарнама деп хабарласатындар мазаны алса, Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жүгінуге болатынын айтады.

Әділетхан ҚАБДЕШ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Бұрын тарап кеткен дербес деректер базасы болуы мүмкін немесе азаматтардың өздері интернеттегі ашық көздерде, сауалнамаларда жүргізіліп жатқан сонда қалдырып кеткен деректерді қолдану арқылы хабарласуы мүмкін. Және де алаяқтар өздері телефон нөмірлерді таңдау арқылы құрастырып, кейіннен кездейсоқ азаматқа хабарласуы мүмкін.

Сауда орталықтары мен сауда маркаларының клиенттік базалары қорғалмаған. Сондықтан хакерлер бұл базаларды оңай бұзып, тұтынушылардың жеке деректеріне еркін қол жеткізетін көрінеді.

Гүлмира ШРАХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Хакерлік шабуыл деген бар. Мысалға белгілі тамақ жеткізу қызметінің базасыналаяқтар бұзып, клиенттердің деректері интернетке шығып кеткен жағдайлар бар. Ондай базалар құрылып, телеграмда сатылады. Сол себепті өз нөміріңізді жарнамалар арасына және тағы да басқа жерлерге қалдыруға болмайды.

Қазір мәліметтер базасын қорғауға қатысты заңды қатаңдату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дербес деректерді қорғау және ақпараттандыру салаларында әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін 3 есе ұлғайту көзделген.