Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда көп адам жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыра алмай жүр

Қызылжарда жүргізуші куәлігін алғысы келгендер емтихан тапсыра алмай жүр. Себебі, тәжірибелік сағатты өткізетін алаңды қар басып қалған. Осының салдарынан болашақ жүргізушілердің тек он пайызы емтиханды тапсырып үлгерген. Қалғандары ұзын-сонар кезекке қойылған. Аймақтағы тілшіміз мәселенің мәнісін білді.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін алу жүздеген тұрғын үшін мұңға айналды. Жыл басынан бері оған 300 адам өтініш берген. Алайда куәлікті бүгінде оның 30 ғана алыпты. Болашақ жүргізушілер мұз айдынында жүру мүмкін емес, дейді.

Ксения УШАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жолдың көтерілетін тұсы мұзға айналған. Емтихан тапсырушылар сол жерден сүрінеді. Жол бетіндегі белгілер мүлде көрінбейді. Соның кесірінен бүгін емтиханды тапсыра алмадым.

Биыл тәжірибелік сынақ алаңын тазалау жұмыстарына бюджеттен 6 миллион теңге бөлінген. Алайда, автодром қыс басталғалы қар дұрыс аршылмапты. Мекеме өкілдері біраз сынға ұшыраған мердігерді жуырда басқа компанияға ауыстырғанын айтады.

Жақсылық КЕНБАЙ, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

2023 жылы бізде басқа мердігер болды. Олар өз жұмысын толықтай атқармады десек болады. Қарлы жаңбыр жауған кезде егер жолды дұрыс тазаласақ, мұндай жағдай болмас па еді деп ойлаймыз.

Мердігер компания жолды күні-түні тазалап жатыр. Бірақ, автодромды қалпына келтіре алмай әлек.

Қанат МҰҚАШЕВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Жолды таңертенге дайындап қою үшін біздің техника түнгі үштен бастап жұмыс істейді. Бірақ мұзды ою әзірге мүмкін болмай отыр. Біз жолға реагенттерді септік. Бірақ ол мұзды еріту үшін күннің көзі керек. Бүгін күн бұлттанып тұр. Жалпы жол үстіндегі белгілер тек бізде ғана емес, қаланың бүкіл жолдарында көрінбейді.

Сонымен, жүздеген адам емтиханды қайтадан тапсыру үшін жолдың тазалануын күтуде. Ал жолға жауапты кәсіпорын күнде күннің нұрын аңдып отыр.