Русский Сайттың толық нұсқасы

2016 жылы бірнеше елдің басшылары ауысты

  • AstanaTV
  • 30 желтоқсан 2016
  • 2706

2016 жыл әлем елдері үшін саяси тұрғыда да тосын сыйларға толы жыл болды. Ұлыбритания Еуроодақтан шықаннан кейін дүниежүзі үйреншікті долларды ғана емес, еуроға да  мониторинг жасап отырды. Бұны жаһандағы саяси жағдайдың экономикаға әсер еткен тұсы деуге болады. Тіпті доллар мен еуроның тепе-теңдігі туралы да сөз Кәрі құрлықты шарлап кеткені шындық.

Еуропа расында аумалы-төкпелі кезеңді бастан өткерді. Бұл экономикаға ғана қатысты емес, әрине. Берлин теракті, Ниццадағы жантүршігерлік жағдай, Түркиядағы Ресей елшісінің өлімі терроризм мен экстремизмнің ушығып тұрғанын көрсетеді. Әлем саясаткерлері Қазақстан президентінің бірігу туралы сөзін енді түсінгендей. Себебі 2017 жылдың басында Сирия мәселесі туралы келіссөздер Астанада өтуі мүмкін. Сырттағы саясатты Саламат Омаш сараптайды. 

Ұлыбританияның Еуроодақтан ат құйрығын үзгісі келетіні туралы ниеті аяқ астынан пайда болған жоқ. Одақта қалуды көздеген премьер-министр Дэвид Кэмерон беделі болғанымен, британ қоғамының Еуропа одағына сын көзбен қарайтынын ескермеген. Сонымен, маусым айында референдумға қатысқан халықтың 51,9 пайызы Еуроодақтан шығуды қолдап, дауыс берген. Референдум нәтижесінде Дэвид Кэмерон отставкаға кетіп, орнына Тереза Мэй келді.

Ал «күзгі драмада» әлем күтпеген тағы бір тосын оқиға болды. АҚШ президенттік сайлауында әлем елдері американың болашақ президенті деп есептеген демократиялық партия үміткері Хиллари Клинтон жеңіліс тауып, республикашыл-бизнесмен Дональд Трамп жеңіске жетті. 

Дональд Трамп, АҚШ сайланған президенті  (09 11 16):

Мен өмірімнің басым бөлігін бизнеске арнадым. Бизнесте жүріп, дүниежүзі бойынша түрлі жобалар мен адамдардың жасырын қабілетін арттырумен болдым. Қазір менің алдымда тағы осы шаруа тұр. Бұдан былай Америка тек үздіктерге лайық болады.

Бұған дейін саясатпен айналыспаған Ақ үй басшысы миллиардер зейнеткерлермен командасын жинақтауға кірісіп кетті.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Дональд Трамптың жеңісі сыртқы саясатта өте маңызды өзгерістер тудырады. Оның қазіргі жағдайына қарап, Ресейден гөрі Қытайға қарсы көзқараста деп айтар едім. Бұл ретте Қазақстан үшін тиімсіз болады. Себебі біз қазірдің өзінде Қытаймен бір экономикалық бағдарлама «Жібек жолын» бастадық. 

Көршілес жатқан Өзбекстанда да жаңа президент. Ислам Кәрімовтың қазасынан кейін таққа бұрын үкіметті басқарған Шавкат Мирзиёев отырды. Сайлауда 88,61% дауыспен жеңіске жетті. 

Ал әскери қақтығыстарға келетін болсақ, 2016 жыл қайшылықтардың күрт артқан жылы болып есептеледі. Оған дәлел - Сириядағы соғыстың бесінші жыл жалғасып келе жатқаны. Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловтың өлімін Сирия мәселесі бойынша келіссөздерге қарсы арандатушылық деп бағалады.

Келесі жылы Сирия жөніндегі келіссөздің Астанада өтуі де әбден мүмкін. Бұған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне тұрақсыз мүше болуы ықпалын тигізіп отыр.

Саламат Омаш, тілші:


«Саясат - қарусыз майдан», - дейді Николло Макьявелли. Әр саясаткер, әр держава, әр мемлекеттің өз саясатын жүзеге асырғысы келетіні белгілі. Алайда Ниццадағы қайғылы жағдай, Берлиндегі теракт әлемге қарулы саясаттың, лаңкестік әрекеттің аяушылықты білмейтінін тағы бір дәлелдеді. 2017 жылы Қазақстан терроризммен күресте, жаһандық саясатта алтын көпірдің, бейбітшіліктің нышаны ретінде қала бермек.

Саламат ОМАШ