Русский Сайттың толық нұсқасы

Тауық жылы тауықтың мінезіндей құбылады

  • AstanaTV
  • 30 желтоқсан 2016
  • 7376

Қазақ халқы тауық жылын жақсылыққа балаған. Отбасылы адамдар бақытқа кенеледі, перзентке зар жұбайлар нәрестелі болады деп болжаған. Тілшіміз Айжан Қуаш тауық асыруды сүйікті істеріне айналдырған отбасына барып, жұлдызшылардың жорамалын тыңдап келді.

Бұл тауықтар Мақпал Жүнісованың әнін тыңдайтындығымен ғана емес, жалт-жұлт еткен қанық түстерімен де өзгеше. Әсіресе, Брама, Какимхин, Арапингтон тұқымдас қораздар көрікті. Құстар ерекше күтімде. Несіп Мұсабаева оларды арнайы дәрумен, көкеністер мен үй тағамдарымен қоректендіреді. 

Несіп Мұсабаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Жем бергенде, ең бірінші әтеш тауықтарын өзі шақырады, өзі жемейді. Өзі қасында тұрады күзетіп. Әтештер бір-бірімен ғана сондай. Былай жуас. Енді ойлаймын, осы жыл әтештердің жылы болғаннан кейін бізде жақсы жыл болады.

Айжан Қуаш, тілші:

Тауық ерте оянады. Ол үнемі тәртіпті қадағалап, бақылауда ұстайды. Сондықтан сіз де бұл жылы барынша жауапты болғаныңыз жөн. Сонда жыл сізге тек қана сәттілік сыйлайды.

Астрологтар, тауықтың осы мінездемесін басшылыққа алады. Ол оттай жалынды, мақсатына жетпей қоймайтын, бірбеткей, эмоцияға берілгіш құс. Сондықтан, жалқауларға қораз табыс сыйламайды,- дейді жұлдызшылар. Яғни бүкіл ел-жұртты 12 ай бойы ширатады. Соған қарамастан, еліміз үшін дипломатиялық келісімдерге толы жарқын жыл болмақ. Болжамдарға сенсек, 2017 жылдың жемісін кейін көреді екенбіз.

Оксана Ягельская, Мәскеу астрология академиясының астрологы:


Тауық жылы Қазақстан үшін жарқын, маңызды халықаралық жаңалықтарға толы. Мысалы, ЭКСПО. Көптеген келісімшарттар жасалады. Бірақ теңге тұрақсыз, біресе құнсызданып, біресе көтеріледі. Яғни экономика тұрақсыз болады. Алайда, бұл маңызды қадамдардың жемісін міндетті түрде көреміз. 2-3 жылдан кейін экономика тұрақтанып, дамыған ел қатарына қосыламыз.


Дүкендерде жыл кейіпкеріне де сұраныс көп. Қораз, тауық бейнесіндегі табиғи тастан, саз, балшықтан жасалған сувенирлерді халық жаппай сатып алып жатыр.

Айтбек Амангелдин, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Биыл жаңа жыл болғаннан кейін өзіме тауық ұнады. Тауық өзімнің жылым болғаннан кейін. 

Біздің түйгеніміз, оттай лаулаған қораз өзгерісті, жаңалықты ұнатады. Сондықтан «эксперимент» жасаудан қорықпайтын шығармашылық жандарға табысты жыл болмақ. Ал, табыстың кілті әркімнің өз қолында.

Айжан ҚУАШ