Русский Сайттың толық нұсқасы

Сайлауға халықаралық ұйым миссиясы өкілдері жоғары баға беріп отыр

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2016
  • 1798

Қазақстан өзгелерге үлгі бола білді! Еліміздегі 6 партия арасында өткен саяси додаға ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйым миссиясының өкілдері осындай баға беріп отыр. Бүгін олардың бірқатары арнайы брифинг өткізіп, бақылау нәтижелерімен бөлісті. Айта кетсек, маңызды шараға мониторинг жасауға биыл мыңға тарта шетелдік тартылды.

Сайлау аяқталды. Енді оның өту барысы қандай болғанына баға беретін кезең басталды. Әрине, халықаралық байқаушылардың қорытындылары әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Оған біршама уақыт керек. Әйтсе де сырт көз ретінде келгендер пікірлерін білдіріп жатыр.

Владимир Сокор, халықаралық байқаушы /АҚШ/:

Мәжіліс сайлауына өз басым жоғары баға беремін. Сіздер демократиялық қоғамға тағы бір қадам жасадыңыздар. Ал біз әділетті дауыс беру мен үлкен тойға куә болдық. 

Оң бағасын, әрине, әлемдік саясатта жоғары беделі бар ұйымдардың да бірқатары жасауда. Мәселен, ЕҚЫҰ-нан келген байқаушылар Қазақстанның сайлау жүйесінде біршама даму бар екенін аңғарған. Аталмыш ұйымның миссиясын орындауға биыл елімізге, Парламенттік ассамблеяның 76 мүшесін қосқанда, 3 жүзге тарта адам келіпті. 

Мариетта Тидеи, ЕҚЫҰ қысқа мерзімді бақылау миссиясының жетекшісі:

Ұйымның атынан кешегі сайлаудың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап айтқым келеді. Алға жылжу бар. Кандидаттарды тіркеуде инклюзивті әдісті қолданыпсыздар. Яғни 6 партияның қатысуына теңдей жағдай жасалған. 

Тағы бір беделді делегация - «Шанхай» ынтымақтастық ұйымының миссиясын орындай келгендер. Құрамы 9 адамнан жасақталған қонақтарды 17 наурызда Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов өзі күтіп алған. Олар кешегі дауыс беру шарасына соңғы минуттарға дейін қатысыпты.

Азиз Носиров, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары:

Миссия мәлімдейді, дауыс беру барысында барлық заңдылыққа сай, әрі сайлаушы құқығының шеңберінде жағдайлар жасалған. Еркін дауыс беруге кепілдік берілген. 

Ал түп-тамыры бір Түркі тілдес елдер ынтымақтастық ұйымының делегаттары болса, "сайлауды өз елімізде өткендей қабылдадық" дегенді айтады. Бұл ұйымнан 17 байқаушы келген. Олардың басым бөлігіне  Алматыдағы учаскелерді барлау жүктеліпті.

Өмір Қоджаман, халықаралық байқаушы /Түркия/:

Алматыдағы сайлау учаскелерінде халықаралық және жергілікті байқаушыларға толық жағдай жасалған екен. Мені қуантқаны немерелерін ертіп сайлау учаскелеріне қарт кісілердің көптеп келгені. 

Орталық сайлау комиссиясының есебіне жүгінсек, биылғы сайлауды 964 шетелдік байқаушы қадағалапты. Оның 817 халықаралық байқаушылар болса, 147-сі түрлі медиа қызметтің ақпарат таратушы өкілдері. Сырттай бақылағандар қорытындысы енді 2 айдан кейін ресми жариялануы тиіс.

Құралай ПИОНЕР