Русский Сайттың толық нұсқасы

Балалар ойыншықтарына психологиялық-педагогикалық сараптама қашан жүргізіледі?

  • AstanaTV
  • 04 қаңтар 2017
  • 6636

Ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізу мәселесіне мамырда нүкте қойылады деген болжам бар. Яғни Кедендік одақтың «Ойыншықтар қауіпсіздігі» туралы техникалық регламентіне өзгерістер енуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқын қорғау комитетінің өкілдері мәлімдеді. Бастаманы психологтар да қолдайды. Есесіне, ойыншық индустриясынан нан тауып жүргендер түбегейлі қарсы. Бұл балалар тауарын шығарушы компанияларды тұралатып, бағаның қымбаттауына соқтырады деп отыр. Айгүл Әдепбай ойыншық дүкендерін аралап, қауіпсіздік мәселесіне үңілді.

Ойыншықтарды тексеру үрдісі енгізілгенмен, жаппай жүргізілмейді. Психологиялық-педагогикалық сараптамадан белгілі бір топқа жататын тауарлар ғана өтеді. Жаңашылдыққа бастамашы болған - Қазақстан тарапы.

Бақытгүл Даданбаева, ҚР ҰЭМ ТҚҚК техникалық тәртіптер мен санитарлық талаптар басқармасының  бас сарапшысы:

Қарашада Еуразиялық одаққа мүше 5 елдің қатысуымен өткен ашық тыңдаулар аяқталды. Оның қорытындысы бойынша жиын өткіземіз. Тексерілетін ойыншықтар категориясына қарай таңдап алынады. Мысалы, машиналар мен доптар тексерілмейді. Назарға монстр хай қуыршақтары немесе аяғы ауыр қуыршақтар  алынады. 

Психологиялық-педагогикалық сараптама енгізілсе, оған алдымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тауарлары ілігеді. «Ойыншықтар қауіпсіздігі» туралы техникалық тәртіптерге өзгеріс енуі мүмкін. Алайда Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз орталығы жобаның талқыланатын тұсы жетерлік екенін аңғартты.

ЕЭК баспасөз орталығының хабарламасы:

Біріншіден, психологиялық-педагогикалық сараптама қандай өлшемдер бойынша жүргізілетіні туралы сұрақтар бар. Яғни жобада нақты талаптар белгіленбеген. Екіншіден, ойыншықтардың психологиялық-педагогикалық сараптамасы нәтижесінің бірыңғай талаптары мен бағалау жүйесі көрсетілмеген. Үшіншіден, сол сараптамадан өтетін ойыншықтардың түрлері нақтыланбаған.

Мұндай тексеріске ойыншық индустриясынан напақа тауып отырғандар қарсы. Олар сараптамаға жұмсалатын шығын есебінен ойыншықтардың бағасы қымбаттайды дейді. Тегін жүргізілген күнде де, зертханалық жұмысқа кеткен уақыт тауардың құнына әсер етпей қоймайды деген пікірде.

Дарья Гайденрайх, Қазақстан балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының президенті:

Бұл жаңашылдық күткендегідей нәтиже әкелмейді. Бағалаудың ешбір өлшемдері, әдістері жоқ. Әлемнің өзге елдерінде ондай сараптама жүргізілмейді. Германияда, Ресейде "балалар психологтары ұсынады" деген ескерту бар. Бірақ, міндетті емес. Ал біздегі сарапталамалар ойыншықтың бағасын қымбаттатуы мүмкін.

Тұтынушылар құқын қорғау комитетінің дерегінше, 2015 жылы 479 ойыншық тексеріліп 224, яғни 47 пайызы, Кедендік одақтың техникалық тәртібіне сай емес деген қорытынды жасалды. Ал  2016 жылы 1532 тауар тексеріліп, 531-і немесе 37 пайызы талапқа сай болмай шыққан. Құрамында қауіпті формальдегид, фенол қышқылдары қалыптан 2-3 есе көп екені анықталды. Бізге ойыншықтардың 73 пайызы Қытайдан келеді. 16 пайызы Ресей мен Белоруссиядан. Америкадан келетін тауарлар да бар. Кей ақпарат көздері АҚШ Кедендік одаққа жөнелтетін ойыншықтарын сараптамаға беруге құлықсыз деп жазды. Ал психологтар, қорқынышты ойыншықтардан баланы мүлдем шеттеткен де дұрыс емес, дейді. 30 пайыздай болу керек екен, бала ойнайтын жағымсыз кейіптегі ойыншықтардың нормасы.

Бақыт Адрышева, психолог:


Монстр хай қуыршағын алайық, жез тырнақтары, ұсқынсыз киімі, шашының бояуы мен көзінің түсі баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Сәби психологиялық жарақат алуы мүмкін. Сондықтан ойыншықтарды тексерген дұрыс. 

Айгүл Әдепбай, тілші:


Психологиялық-педагогикалық сараптама бүгінде елде жүргізілмейді ойыншықтарға. Яғни олардың бала дүниетанымына қалай әсер етіп жатқанын бақылап жатқан орган жоқ. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ойыншықтардың сыртқы келбетін ғана тексереді. Яғни аллергия тудыра ма, құрамында қауіпті қоспалар бар ма деген техникалық жағын ғана назарға алады. Сондықтан психологтар да, ойыншық өндірушілер де баланың қандай ойыншықпен ойнап отырғанына тек ата-ана ғана жауапты дейді. Демек, сіз бен біздің мойнымызға артылған жүк бұл.

Айгүл ӘДЕПБАЙ