Русский Сайттың толық нұсқасы

Семей базарындағы өрт: Үкімет зардап шекккен кәсіпкерлердің шығынын өтеп бере ме?

  • AstanaTV
  • 07 ақпан 2024
  • 1145

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Семейдегі алапат өрттен зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны қандай жағдайда өтелетінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан шыққан вице-премьерлерге журналистердің бірі «Кеше Семейдегі ең ірі «Ақшың» базарынан өрт шықты. Өрт салдарынан 1 мыңнан аса семейлік жұмыссыз қалды. Тұрғындар базар иесі шығынды өтемейтінін айтып, шағымданып жатыр. Мәселені шешу үшін Үкімет резервінен қаржы бөліне ме?» деп сұрақ қойды.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Біріншіден, олар өрттің себебін анықтап жатыр. Екіншіден, облыс әкімдігінің маған берген мәліметіне сәйкес, (оқиға орнында) базар иесі жұмыс істеуде. Қазір өрттің себебі мен (базардағы) әрбір адамға келген залалдың көлемін анықтау керек. Комиссия шешімінен кейін ғана (көмек беру мәселесі) қаралады, - деді вице-премьер.

БАҚ өкілі «Үкімет резервінен зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржы бөліне ме?» деп сұрағын нақтылады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Семейдегі өрттен зардап шеккен кәсіпкерлер көмексіз қалмайтынын айтты.

«Заң тарапынан (ондай көмек) қарастырылмаған. Қазір өрт әлі сөндірілмеді. Тамара Қасымқызы шығын есептеліп жатқанын айтты. Содан кейін арнайы комиссия тиісті шешімді қабылдайды. Базар иесі де көмектесуі керек. Адамдарды мұндай қиын жағдайда (көмексіз) қалдырмаймыз. Мұны сізге нақты айтамын», - деді Роман Скляр.