Русский Сайттың толық нұсқасы

Боранның кесірінен БҚО-ның үш ауданы жарықсыз қалды

Батыс Қазақстан облысында да боранның кесірінен 55 елдімекен жарықсыз қалды. 17 мыңға тарта жеке тұрғын үй мен 200-дей әлеуметтік мекемеде электр қуаты жоқ. Екпінді жел Теректі ауданындағы Тоқпай аулындағы жаңа үйдің шатырын ұшырып әкетті. Абырой болғанда тұрғындар дін аман, айналадағы автокөліктер де бүлінбеген. Бірақ шатырсыз қалған үй азынап тұр дейді тұрғындар. Бір қызығы бұл үй осыдан төрт жыл бұрын салыныпты. Сол кезден бері мұндай күшті дауылды көрмедік деген мердігер жөндеуді өз мойнына алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар осы аудандағы ауыл әкімдігі, мектеп, дәрігерлік амбулатория, азық-түлік дүкендерінің де шатырын жел жұлып әкеткен. 

Есенжан ШОНАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Дәл қазір үйдің төбесін қайта жабу мүмкін емес. Өйткені дауылдың екпіні қатты, шатырды ұстап тұра алмаймыз. Жел басылған соң, жөндеуге қайта кірісеміз. Бүгін төбеден түскен материалдардың сынығын жинастырып, реттеп жатырмыз. Үйдің кепілдік мерзімі бітуіне әлі бір жыл бар. Сондықтан бәрін өзіміз жасаймыз.