Русский Сайттың толық нұсқасы

"Балаларға телефонды бір сағатқа ғана беру керек",-маман

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2024
  • 806

Қазір балалар смартфон мен теледидарға тәуелді. Бұл баланың психикасының бұзылуына, сонымен қатар тілі енді шығып келе жатқан сәбидің сөйлеуінің кешеуілдеуіне әкеледі дейді мамандар. Соңғы кезде "цифрлық аутизм" деген дерт пайда болды. Оның емі жоқ. Оған шалдыққан бүлдіршіндер еркін сөйлей алмайды, ойын толық жеткізе алмайды. Тіпті, қатарларымен де ойнай алмайды.

Гүлшат Османованың баласы аутизмге шалдыққан. Жас ана перзентінің бұл кеселі, туа біткен дерт дейді. Алайда кейбір ата-аналар бұл сырқатты өздері жасайтынын айтады. Ең сорақысы өздері қателік жіберіп жатқанын мойындағылары келмейтін көрінеді.

Гүлшат ОСМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көп ата-аналар өз жағдайларын ойлап, планшет, интернет, сотка қосып береді. Көп жұмысына кедергі келтірмесін деп. Өйткені қазіргі заманда цифырлық аутизм деген болып жатыр. Мен оны өзім көрдім, ол рас бар. Психикасының дамуы, сөйлеуі кешігуі пайда болып жатады.

Қазір баланы смартфон беріп тыныштандыру ең оңай жол болды. Ал ата-аналардан балаңыз қанша сағат гаджетті пайдаланады деген сұрағымызға, олар ең аз дегенде үш сағат деп жауап берді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Өзі бір 3-4 сағатқа рұқсат береміз. Сөздің шыны керек қайтеміз өтірік айтып.
- Бос уақыттың бәрінде телефонда отырады ғой. Оған шектеу қоймайсыз ба? Қойып жатырмыз шама келгенше кітап оқы, сүрелерді жатта, намаз оқы деп.
- Қанша сағат дегенде жыламасын деп телефонды беріп қоямыз ғой.

Мамандар ең көп дегенде балаға 1 сағатқа ғана телефон ұстату қажет дейді. Баланың гаджетке, теледидарға деген тәуелділігінен арылту үшін психолог мамандарға дер кезінде жүгіну керектігін айтады. Сонымен қатар түрлі үйірмелерге алып баруға кеңес береді.

Анар ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, ПСИХИАТР:

Ата-ана осы баламен қарым-қатынас құра алмай жатса, осы смартфон байланысы болып тұрса. Әрине психолог мамандар бар. Соған жүгініп кеңес алып. Себебі ол бала ата-анасымен емес, маманмен сөйлеседі.

Дәрігерлердің айтуынша, цифрлық аутизм балада ғана болмайды. Сонымен қатар, ересектерде де кездеседі. Ұялы телефонға себепсіз үңіле берудің бір түрі, осы кеселдің белгісі дейді.