Русский Сайттың толық нұсқасы

Ғылым саласына өзгерістер енгізілмек

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2024
  • 1246

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым  академиясының базасында форсайттық зерттеулер мен технологиялық болжау негізінде және дамудың әлемдік трендтерінің, еліміздің ғылымының, экономиканың нақты жай-күйін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізілетін болады. Бұл туралы Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев айтты.

"Біздің ұстанымымыз - Академия кезекті ғылым әкімшілігіне айналмауы тиіс және министрліктің жұмысын қайталамауы керек. Қазіргі Академияның өзіндік бірегей миссиясы бар, ол - ғылымды басқару саласындағы жүйелі олқылықтардың орнын толтыру. Оның жаңа миссиясының негізі - қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосқысы келетін және үлес қосуға қабілетті жетекші ғалымдарды біріктіру. Біздің басты пайымымыз  - тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу",-деді А.Күрішбаев.


Сондай-ақ,  ең өзекті мәселе - ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын анықтау.  Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша,   технологиялық тұрғыдан дамыған елдердің тәжірибесімен салыстырғанда, біздің елде басымдықтар көп жағдайда қаржыландыруды негіздеуге қызмет етеді және мемлекеттің қажеттіліктеріне емес, ғалымдардың мүмкіндіктеріне қарай бағытталған.

"Біздің ғылымымда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің жоғары деңгейін іске асыру үшін негіз болатын, елдің зияткерлік әлеуетінің тұрақты түрде жоғарылауын қамтамасыз ететін іргелі ғылыми зерттеулер үшін тиісті жағдайлар жасалмаған. Сондықтан біз үздік әлемдік тәжірибеге бейімдей отырып, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың жаңа форматын ұсынуымыз керек",-деді Басқарма Президенті. 

Сонымен қатар, Академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған пәнаралық мегажобалар бойынша ұсыныстар енгізетін болады, ол іргелі негіздерді қалыптастырудан бастап оны тәжірибе жүзінде қолдануға дейінгі барлық аспектілерді қамтитын вертикальды интеграцияланған нысанда құрылады.

Қазір ғылыми дәрежесі бар қызметкердің орта жасы - 57және одан да жоғары, қызметкерлердің 15% - ы зейнеткерлік жасқа жеткен. Сондықтан, Академияның басты міндеті-талантты жастарды тарту орталығына айналу. Сонымен қатар, Қазақстанның ғылымын құрған, оның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдарды ұмытпауымыз керек. Бізге олардың тәжірибесін пайдалану қажет.

"Академияның толық мүшесі болу - тек құрметті атақ қана емес, ең бастысы отандық ғылымды әлемдік деңгейге шығару жолындағы үлкен қажырлы жұмыс екенін баса атап өткен жөн. Бұл - ғылымда айтулы жетістіктері бар, заманауи құзыреттіліктерді игерген көрнекті ғалымдар болуы тиіс. Сондықтан конкурс қалай өтеді және кім Академия мүшесі болады деген сұрақ қазақстандық ғылымның болашағы үшін түбегейлі маңызды",-деді А.Күрішбаев. 

Жалпы, отандық ғылымды дамыту үшін ғалымдардың мәртебесін лайықты деңгейде көтеру қажет. Ол үшін заңнамалық базаға өзгерістер енгізу керек.

Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының жоғары ғылыми ұйым ретіндегі құқықтық мәртебесі заңнамалық деңгейде айқындалмаған, оның басқару нысаны, функциялары, сондай-ақ қаржыландыру көздері реттелмеген.

Бұл  мәселелер жақында Мәжіліс қарауына енгізілген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасына ұсыныстар ретінде қамтылған.