Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанның мәдени құндылықтарын 8 тілде тарататын онлайн-портал ашылады

Мәдениет қызметкерлерін даярлау бағдарламасы қайта қарастырылады. Енді олар ағылшын тілін де жетік меңгеруі керек. Осылайша, еліміздің таланттары ұлттық өнерді әлемге таныта алады. Мәдениет және ақпарат министрі алқа отырысында ұлттық құндылықты шет ел аудиториясына насихат етуді мақсат етіп отырғанын айтты.

Өткен жылы 44 мәдени нысан жаңадан салынды. 260-ы жөндеуден өтті. 64 мыңға жуық мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 55 процентке көтерілді.

Аида БАЛАЕВА, ҚР ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Былтыр республикалық концерттік ұйымдар 500-ден аса концерт ұйымдастырып, 2000-нан аса спектакль, 65 жаңа қойылымдар сахналанды. Сондай-ақ татулық пен ынтымақты ту еткен "Бірлік" ансамблі құрылғанын хабарлап, ансамбль 1 наурызда көрерменге өнерін паш етеміз.

Министрлік мәдени құндылықтарымызды елде ғана емес, шет ел аудиториясына да насихат етуді мақсат етіп отыр. Сол үшін биыл алғаш рет 8 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталы іске қосылмақ. Онда әрбір қызығушы үйден шықпай, төл мәдениетімізбен таныса алады.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Оның негізгі міндеті – әрбір қызығушы үйден шықпай, төл мәдениетіміздің барлық сай-саласын аралауға – музей, кітапхана, театр, ұлттық кино, көрмелер, рухани қорықтар, ұлттық музыканың алтын қоры мен заманауи әуездің жаңа үлгілерімен танысуға жағдай жасау. Мұндай жобалар әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін баяғыда-ақ көрсеткен.

Мәдениеттімізді одан ары жаңғырту үшін алыс-жақын шетелдердегі тарихи құнды мұраларымыз елге қайтарылады. Барлық жұмыс министрліктің басты назарында. Қазірдің өзінде Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропаның бірқатар елімен келісім жұмыстары басталып кеткен.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Мәдениет – ұлттық идеологиямыздың рухани діңгегі. Осы орайда, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттермен мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі" деген сөз сол қағиданың бүкіл мазмұнын ашып берді. Яғни, мәдениетіміздің өткені мен бүгінін ұштастыру сол арқылы оның ертеңгі келбетін жасау, оны әлемнің төріне оздыру баршамызға ортақ міндет.

Министр алдағы уақытта еліміздің кино саласын да барынша дамытамын дейді. Ол үшін алдымен Кинематография туралы заңға өзгерістер енгізу керек. Осылайша, еліміздің тарихы мен рухын қалыптастырған «Қазақфильм» киностудиясының бұрынғы даңқы мен статусы қалпына келтірілмек.

Дулыға АҚМОЛДА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АКТЕР:

«Қазақфильм» киностудиясына осындай бір көңіл бөлініп жатқандығы ол жердің бір иесі бар екендігін, ол жердің де шығармашылық ордасы болғандығын есіне салып жатқанның өзі қуантатын нәрсе деп ойлаймын. Бұл тек «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлеріне ғана емес, жалпы киносүйер қауымның, өнер қауымының жетістігі болар еді деп ойлаймын.

Биыл медиасауаттылықты дамыту жоспары әзірленіп, іске аспақ. Мақсат - халықтың медиасауаттылығын, баспасөз хатшылар мен өңірлік БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Өңір-өңірде журналистика мамандығы өте көп қазір. 30-дан астам жерде дайындалады. Бірақ оларды кім дайындап жатыр? Біз соны сұрап жатырмыз. Ол жақта кімдер бар? Өңір-өңірлерде ешқандай маман жоқ. Ешқандай ғылыми дәрежесі, тіпті соны оқыған адам жоқ жерлерде журналистика мамандығы ашылып жатыр.

Сондай-ақ, балалар контентін дамытып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылмақ.