Бүгін аты аңызға айналған актер, режиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орай “Қазақфильм” Ұлттық киностудиясында жаңа маусымның тұсаукесері өтті. Еліміздің танымал киногерлерінің қатысуымен өткен салтанатты жиын барысында 9 жаңа киножоба таныстырылды. Олардың бесеуі коммерциялық болса, қалған төртеуі мемлекеттік қолдауға ие болды. Режиссерлер түрлі тақырыпты қаузап, драма, экшн, автобиография сынды жан-жақты жанрларды қамтуға тырысты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған туындылар да қалыс қалмады. Солардың бірі – «Жабайы» фильмі. Бұл жас режиссер Дамир Әбілхановтың алғашқы толықметражды картинасы.
Дамир ӘБІЛХАНОВ, РЕЖИССЕР:
Ол балаларға арналған кино. Жабайы иттер жайлы. Бірақ бұл киноның негізгі мақсаты – үлкен проблеманы қозғап айтатын кино ретінде көрсеткіміз келеді. Жабайы иттер жайлы, олардың даладағы өмірі. Қазіргі таңда оларға ешкім қармайды, олар үлкен қиындықта өмір сүреді. Осы проблеманың шешімін тапсақ екен деп ойлап отырмыз. Сценарий бітеді, түсірілімді бастаймыз и Құдай қаласа әрі қарай кинода көрсетеміз.
Биыл «Қазақфильм» көрермендерді басқа да тың жобалармен қуантпақ. Ұлттық киноның үкілі үмітіне айналған киностудияның жұмысы қауырт, бағыты айқын. «Басты мақсат – халыққа сапалы дүние ұсыну»,- дейді Азамат Сатыбалды.
Азамат САТЫБАЛДЫ, Ш. АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ «ҚАЗАҚФИЛЬМ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінгі шараның мақсаты – біздің биылға біржылдық бағытымызды анықтап беру. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр «Қазақфильм» бір кино түсірген жоқ. Биыл 9 кино түсіреді. Бірінші рет тарихта осындай болып тұр: «Қазақфильм» бес киножобаны біртиынсыз түсіреді. Елге көрсеткіміз келеді. «Қазақфильм» де осындай дүние жасай алады. Ол жыл сайын өсе береді. Биыл 9 болса, келесі жылы 15 - ке жеткізуге тырысамыз.