Абайлаңыз, алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды! Автовозбен көлігімді тасымалдаймын деген отандастарымыз сан соғып қалып жатыр. Алматыда бірнеше тұрғын Интернет желісіндегі сайт арқылы хабарландыру қалдырып, темір тұлпарларын басқа қалаға тасымалдауды сеніп тапсырған. Нәтижесінде көлігінен де айырылып, ақшадан да қағылып, бармақ тістеп қалды. Ал бұл бассыздықты жоюға құзырлы органдардың өзі қауқарсыз көрінеді. Толығырақ тілшіміз Мөлдір Жақан тарқатады.
Жақында Алматыдан Астанаға қоныс аударған журналист Назерке Сұлтанбек өз көлігін елордаға автовозбен жеткізбек болған. Сенімінен шыққан алаяқтарға арнайы сайт арқылы шығыпты. Олар көлікті Астанаға 5 ақпан апарамыз деп уәде еткен. Осы қызметтері үшін 70.000 теңге сұрапты. Кейін «Қарағандыда бұзылып тұрмыз» деп бір хабарын берген. Ол күндері ауа райы да тосын мінез көрсетіп тұрған соң, кешіккендеріне Назерке еш күмән келтірмепті. Бірақ арада бір апта өткен соң, «көлігіңді ұрладық, есепшотыма екі миллон ақша аударсаң, темір тұлпардың қайда тұрғанын айтамыз» деп бәзбіреулер хабарласқан.
Назерке СҰЛТАНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізге акт толтырды. «Осы акт бойынша көліктеріңізді алып кетемін» деп. Сол кезде дұрыс мән бермегенбіз. Қазір қарасақ, ол актте ол мекеменің, фирманың ешқандай мәліметі жоқ. Яғни, олар жәй ғана менің көлігімнің мәліметін толтырып, осындай марка, осындай кузов, номер деген сияқты толтырып берген. Бірақ өздері туралы ешқандай мәлімет жазбаған.
Алданып қалғанын түсінген соң Назерке бірден Алматы қаласы Наурызбай ауданының полициясына екі рет шағым түсірген. Бірақ әлі күнге дейін еш жауап жоқ дейді.
Назерке СҰЛТАНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Иә, шешеміз, айналысамыз деп көп уәде берген еді. Бірақ бүгінгі күні жалпы арызымыздың жоқ болып кеткенін түсініп тұрмыз. Яғни, қылмыстық негізі жоқ деген себеппен алып тастаған екен. Мен өзім таныстар арқылы базадан ақтарып, ана адамдар кім, оған қалай шығуға болады деген сияқты мәліметтерді тауып, өзіміз полицияға беріп жатырмыз.
Назерке сияқты тығырыққа тіреліп, қапыда көліктерінен айырылғандардың қатары көп екен. Тәжірибелі алаяқтар іс-әрекеттерінің жоспарын өзгертпестен арам ойларын іске асырып келеді.
Жанна ОПАРИ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
2-ші ақпан күні көлігімізді Оралға жіберу үшін 120.000 теңге төледік. Тиісті құжаттарды көрсеткендіктен, сеніп қалдық. Екі күннен соң жолда бұзылып қалдық деп хабарласып, тағы ақша сұрады. Кейін олардың алаяқ екенін түсіндік. Мұндай жағдайлар жиілеп кетті. Бұлар әбден шектен шығып барады. Полиция қызметкерлерінің неліктен бұл істі созып отырғанын және жәбірленушілердің саны көп бола тұра қалай бұған тоқтау бола алмайтындарын түсінбеймін. Соған қарағанда мұнда бір гәп бар.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған қылмыстарды ашу мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылғанын жеткізді. Бұл істерге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қарастырылып отырған көліктердің ықтимал қозғалыс бағытын анықтау үшін бейнебақылау жүйелеріне егжей-тегжейлі мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу органы ҚР ҚПК-нің 24-бабының талаптарына сәйкес істердің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу бойынша шаралар қабылдады.
Бірақ алаяқтарға оңбай алданғандардың бұған сенгісі жоқ. Өйткені, полиция қызметкерлерінің өзі кей зардап шеккендерге «ақша төлесең, көлігіңді тауып береміз» деген көрінеді. Сондықтан, тәртіп сақшыларынан қайыр болмаған соң, көліктерін өздігімен іздеп тапқандар бар. Оны тапқаннан не пайда, иесі бола тұра құжаттары бұрмаланған темір тұлпарларын міне алмай жүр.
ДаниярНҰРҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Машинаны өзіміз таптық іздеп. Бірақ оның вин-кодтары барлығы бұзылған. То есть менің вин-кодтарым емемс. Хотя экспертиза менің машинам екенін дәлелдеп тұр қағаз жүзінде. Бірақ РОВД-дағылар заңды түрде вин-кодты қалай қайтып өзгертуге болады, соны өздері білмей жатыр қалай жасайтындарын. 6 ай болды, машина паркингте тұр. Өзгеріс жоқ.
Сан соғып қалғандар өздеріне тиесілі мүлікті қайтару үшін соңына дейін баруға оқталып отыр. Олардың ендігі үміті Прокуратурада.