Русский Сайттың толық нұсқасы

Жолаушылар екі күннен бері Дубайға ұша алмай отыр

Дубайда демалуды жөн көрген 70-ке жуық турист екі күннен бері ұша алмай отыр. Негізі туристердің саны оданда көп. Кейбірі саяхаттан бас тартыпты. Олар Біріккен Араб әмірлігіне FlyDubai әуе компаниясының ұшағымен кеше таңғы сағат 5-те Астанадан жөнелтілуі керек болған. Алайда авиакомпания өкілдері техникалық ақау себебінен ұшу уақытын бірнеше рет өзгерткен. Кейіннен 2 жасқа толмаған балалары бар 10 шақты отбасыны басқа рейспен жіберіпті. Қалғанын қонақ үйге орналастырған. Бір қызығы кейбір туроператорлардың сайтында саяхаттаушылардың басым бөлігі Дубайдағы қонақ үйге жайғасып, демалып жатыр деп көрсетілген. Ашынған туристер мәселенің дер кезінде шешілуін талап етуде.

Айгерім ӨТЕГЕНОВА, ЖОЛАУШЫ:

Біз 5 күнге демалуға бара жатқанбыз. Бірақ шамамен үш күні өтіп кетті. Енді ол күндердің қаржысын кім төлейтіні белгісіз. Авиакомпания мен тур операторлар бір-біріне сілтеп жатыр. Арамызда демалысын 3 күнге жоспарлаған жандар бар. Олар ұшудан өз еріктерімен бас тартып жатыр. Олар не істейді?

FlyDubai әуе компаниясы бұған дейін де жолаушыларды әуре-сарсаңға салған. 2022 жылы 166 адам Біріккен Араб Әмірлігіне уақытында жете алмаған еді. Оқиға тағы қайталанды. Енді авиакомпания өкілдері туристерге билеттерін қайта брондау және толық қайтару ұсынылғанын хабарлады.

"FLYDUBAI" ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ:

Жолаушылар қажетті жатын орынмен қамтамасыз етіліп, келесі қолжетімді рейстерге ауыстырылды. Жолаушыларымыздың жол жүру кестесіне келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.