Русский Сайттың толық нұсқасы

Лифт жұмыс істемеген: Оралда зейнеткер әйел 8-қабатқа жаяу көтеріліп, көз жұмды

  • AstanaTV
  • 22 ақпан 2024
  • 885

Оралда зейнеткер әйел 8-қабатқа жаяу көтеріліп, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орал қаласы Сырым Датов көшесіндегі тоғыз қабатты жатақханада тұратын Мәншүк Құдабаева лифттің ақауына байланысты күн сайын сегізінші қабатқа жаяу көтеріліп-түсуге ​​мәжбүр болған. Жетпіс жастағы зейнеткер кішкентай немересін күнде балабақшаға апарып жүрген.

Зейнеткердің көз жұмғаны туралы көрішелері хабарлады.

"Мәншүк енді арамызда жоқ. Ол әдеттегідей сегізінші қабатқа жаяу көтерілген. Пәтеріне кіруге де үлгермей, есінен танып құлап қалған. Жедел жәрдем келді, бірақ есін жимастан көз жұмды. Бәрі өте жылдам болды.Олардың айтуынша, сегізінші қабатқа көтерілгеннен кейін қан қысымы күрт көтеріліп кеткен", – деді көршісі Серік Қодаров 

Бұған дейін облыстық мәслихат депутаттарының бірі жатақхананы аралап, лифт жөндейтін демеуші іздеу керектігін айтқан.

Бұл көпқабатты үйдің жоғарғы қабаттарында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Лифт істен шыққалы бір жылға жуық уақыт өткен. Тұрғындар оны жөндеуге 1 миллион 200 мың теңге қажет екенін айтады. Әкімдік оларға бұл ақшаны өздері жинауға кеңес берген, бірақ тұрғындар бұл бағаның тым қымбат екенін айтқан.