Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары қоғамдық кеңестерге жылу проблемаларын шешуге көмектеспек

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2017
  • 2472

Мәжіліс депутаттары қала тектес кенттер мен шағын шаһар тұрғындарының тыныс-тіршілігін жақсарту туралы Үкіметке ұсыныс жасамақ. Қарағанды қаласына барған бір топ депутаттар "Достық" үйінде өткен кездесуде осылай деді. Олар қоғамдық кеңестер көтерген өңірлердегі жылу проблемаларының шешілуіне қолдау көрсетуге уәде берді.

Жиналғандар шағын қалалардың мәселелерін талқылады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, тұрғындардан түсетін арыз-шағымдардың көбі жылуға қатысты. Мысалы, Шахан кентіне орталықтандырылған қазандық салу туралы кеңес мүшелері талай ұсыныс жасаған. Жуырда болған төтенше жағдай моноқалалардағы жылыту жүйелерінің проблемасын жарыққа шығарды,-дейді кеңес мүшелері.

Бұл мәселе Саран қаласында да өзекті. Онда 2015 жылы іске қосылуы тиіс қазандықтың құрылысы әлі аяқталмаған. Айтуларынша, павлодарлық бас мердігер бөлінген қаржының 95 пайызы қолына тигізген соң келісім-шартты орындамай қойған. Даулы мәміле екі жылдан бері сотта қаралып жатыр. Ал, 25 көпқабатты үй тұрғындары жылдар бойы жертөледегі немесе бірінші қабатта орналасқан қазандықтар арқылы жылынып келеді.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Халықтың пікірі - қоғамдық пікір. Сонымен қоса жаңағы жергілікті басқару органдары мен біз олардың барлықтарының пікірлерін тиянақтап, солардың бәрін қорытып отырмыз. Яғни біздің жұмысымыз орталық атқару орындарына жаңағы халықтың пікірін жеткізу.

Ал Ақтөбеге арнайы жұмыс сапарымен барған мәжілісмендер бүгін белсенді жастармен кездесті. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өткен басқосуда «Жастар Отанға» партиялық жобасының жүзеге асу барысы да талқыланды. Одан бөлек, жастарға Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жобасында айқындалған тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды. Халық қалаулылары бұған дейін облыс орталығындағы білім ордалары мен ірі кәсіпорындардың ұжымдарымен және Алға, Қобда аудандарының тұрғындарымен де кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.