Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға кіру ақылы болмақ

  • AstanaTV
  • 12 қаңтар 2017
  • 2800

Биыл көктемнен бастап Астанаға көлік кептелісі уақытында кіру ақылы болады. Бас қаладағы күнделікті қарбаластан құтылу үшін қала басшылығы осындай шешім қабылдап отыр. 21 мамырда күшіне енетін тәртіпке сәйкес таңғы 7.00 ден 10.00-ге дейін Астанаға кіретін алты жолдың бойына арнайы төлем қабылдау құрылғылары орнатылатын болады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Елдос Сапарғали, тілші:

Көлік кептелісі - қазірде бас шаһарда шешімін таппай тұрған негізгі сұрақтардың бірі. Енді осы түйіткілді мәселенің жақын уақытта түйіні тарқауы мүмкін. Бүгін қала тұрғындарының алдында сөз алған Әсет Исекешев 2020 жылға дейін жоспарланған көліктік кешеннің даму бағдарламасымен таныстырды. Онда негізгі басымдық қоғамдық көліктерге берілген. 

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Қоғамдық көлік әр адамның күнделікті тасымал құралына айналуы тиіс. Ол үшін біз жолаушыларға барлық жағдай жасауға дайынбыз. Жылы аялдамалар мен жайлы автобустар қала тұрғындарының көңілінен шығуы керек.

Өзінің тиімділігін дәлелдеген заманауи аялдамалардың биыл тағы 200-і салынады. Оған инвесторлар қаржысы тартылмақ. Сондай-ақ мамыр айында Астанаға су жаңа 380 автобус әкелінеді. Оның 45-і оқушылар тасымалдауға арналған. Осы ретте қоғамдық көліктің жүрісін жеңілдету үшін арнайы 24 жолақ салынады. Тіпті таңғы кептеліс мәселесін шешу үшін сырттан кіретін көліктерге көктемнен бастап ақылы жүйе енгізіледі.

Рустам Халилев,  "Астана LRT" ЖШС көлік жөніндегі директоры:


Қазір Астанаға күнделікті сырттан 75 мың көлік кіреді. Олардың 30-40 пайызы таңғы уақытта, яғни нағыз кептеліс кезінде жол жүрісін бұғаулайды. Сырттан қалаға таңғы уақытта кіру барлық жүргізушілер үшін ақылы болады. Алайда мүгедектер мен ардагерлер және жеңілдігі бар азаматтарға заңнама бойынша арнайы тариф орнатылады.

Сондай-ақ мамыр айынан бастап Астанада Абылайхан және Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелеріне де бір жақты жол жүрісі енгізіледі. Осы арқылы қаладағы көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 4 пайызға жылдамдатуға мүмкіндік бар. Алайда, көлік жүйесіне қатысты негізгі реформалар әлі де сараланып жатыр. Ал мамыр айына қарай тарифтер құны белгіленеді. Сол кезде көлік тығыны кезінде қалаға кіру ақысы да белгілі болмақ. 

Елдос САПАРҒАЛИ