Атыраудағы
орталық жүзу бассейні тек тұрғындардың ғана емес, кәсіпкерлер сұранысына да ие
болмай шықты. Жергілікті билік спорт нысанын үш рет байқауға шығарып еді, оған
ешкім қатысқан жоқ. Ал аймақтағы суда жүзу спортын дамыту үшін 2007 жылы
тұрғызылған жабық бассейн күрделі жөндеуді қажет етеді. Аймақта тағы қандай
спорт нысандарын жекешелендіру күтіп тұр? Тілшіміз біліп көрді.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
Бұл
ұзындығы 50 метрлік, 8 жолақты жабық бассейн. 10 жыл бұрын пайдалануға
берілгенге дейін Атырауда суда жүзу спорты деген ұғым болмаған. Мамандар осылай
деп отыр. Содан бері су спортының 5 түрі дамып, кәсіби айналысатын
жасөспірімдер саны артқан. Нәтиже де жоқ емес. Атыраулық спортшылар ватерполдан
үш дүркін ел чемпионы болса, суға секіруден спорт шеберлері де шыққан. Алайда,
соңғы жылдары қарапайым халықтың бассейнге келуі азайған.
Ринат
Ибрагимов, «Атырау су спорты түрлері клубы» ЖШС директоры:
Оның
бір себебі бұл зданиенің тұрғанына 10
жыл болса да ашылғанына, ешқандай күрделі ремонттан өтпеген. Өйткені қазір
облысымызда бассейндер көп жерде салынып кетті.
Олардың условиялары жақсы.
Бір
мезгілде 3500 тонна су толтырылатын алып бассейнді жыл бойы ұстау үшін қомақты
қаражат керек. Былтырдың өзінде бюджеттен 42 миллион теңге бөлінген. Ал
жөндеуге қанша қаражат керек екенін анықтау үшін сметалық құжат жасалуы тиіс.
Оған бюджет қаражаты жетпейтінін білген соң, сенімгерлік басқаруға беру туралы
шешім қабылданған. Оған қатысатын кәсіпкердің қалтасында кемі 14 миллион теңге
болуы тиіс. Бірақ суда жүзу спортына қаржы салуға қызығушылық танытқандар
табылмай отыр.
Серік
Демегенов, Атырау облыстық қаржы
басқармасы басшысының орынбасары:
Оған
біршама ақша керек. ПЗД дайындау керек. Сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда
жеке әріптестік сияқты жекеменшіктің ақшасын салу арқылы оған жөндеу
жұмыстары, және әрі қарай нысаналы
мақсатына пайдалану. Қазіргі таңда 3 рет қайтара конкурс жарияладық. Тендердің
мерзімін 3 жыл деп белгіледік. Алайда қатысушылар болмауына байланысты тендер
өткізілмеген болып танылды.
Базаргүл
Нәдірқызы, тілші:
Жауаптылар
қажет болса, сенімгерлік келісімді қайта қарауымыз мүмкін дейді. Берілетін
мерзім 10 жылға дейін үзаруы мүмкін. Клуб алдағы уақытта қалай да жекеге
берілмек. Өйткені ол аймақта 2016-2020 жылдары жекешелендірілетін нысандардың
кешенді жоспарына енген. Оның ішінде суда жүзу спорт клубынан өзге, «Мұнайшы»,
«Атырау» спорт кешендері, футбол,
волейбол командалары, ұлттық спорт түрлері клубы, «Атырау Барыстары» секілді
нысандар да бар.