Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қалалық әкімдік қоғамдық көлік тасымалдау компанияларына бір миллиард теңге қарызын қайтарудан бас тартып отыр

Қызылжарда қалалық әкімдік қоғамдық көлік тасымалдау компанияларына бір миллиард теңге қарызын қайтарудан бас тартып отыр. Билік өкілдері жарты жыл бойы жолаушылар үшін қарастырылған субсидияны төлемеген. Үш жыл бұрын тасымалдау компаниялары жаңа автобустарды сатып алар кезде жергілікті билік әр жолаушыға кеткен шығынның жартысын өтеуге уәде берген. Содан бері әкімдіктен қарызды өндіру жырға айналды, дейді кәсіпкерлер. Осының салдарынан компаниялар жаңа автобустардың несиесін төлей алмай тығырыққа тірелген. 

Болат РАҚЫМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛДАУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Былтыр жаңадан тағайындалған қала әкімі әкімдіктің бұрынғы қарызы өтелмейтінін хабарлады. 2023 жылдың тамыз-желтоқсан аралығында мемлекеттік демеуқаржы төленбеді. Тек бір ғана менің компанияма қалалық әкімдік 400 миллион теңге қарыз.

 Жолаушылар тасымалдау компаниялары сотқа арыздана алмайтындарын айтады. Себебі, қарыз көлемінің 3 пайызын баж салығы ретінде өтеуге қаржы қолбайлау. Ал жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлердің алдында берешегіміз жоқ деп сендіреді. Былтырға бөлінген 2 миллиард 700 миллион теңге толық игерілген, дейді. 

Әсем АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Олар өз кәсіптерін өздері дөңгелетуі керек. Өз шығындарына өздері жауап беруі керек. 2023 жылы белгіленген субсидия, сома бөлінді. Сол сома жыл соңына дейін мердігерлерге толық төлеп бітірілді. Одан бөлек тариф көтерілді қыркүйек айында. Міне осының барлығы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан көмек.