Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды қаласының тұрғындары нашар жол үшін әкімге «2» деген баға қойды

Қарағанды қаласының тұрғындары нашар жолдар үшін әкімге «2» деген баға қойды. Тұрғындардың айтуынша қыс бойы қала көшелерінде қар дұрыс тазаланбай төбешіктерге айналған. Көктемде үйінділер еріп, тротуарлар көктайғақ сырғанаққа айналуы мүмкін. Жергілікті өзін-өзі басқару қауымдастықтарына халықтан күн сайын жүздеген шағым түсіп жатыр. Жергілікті әкімдіктер қайда қарап отыр, - дейді жұрт.

Бұл қаладағы 15- інші ықшам аудан. Көше бойында үйілген қарды жұрт «мұзды лабиринт» деп атайды. Бұл маңайды тек шебер жүргізушілер ғана айналып өтетін көрінеді. Өзгесінің көлігі сынады, не апатқа ұшырайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- «Тазаланбайды ғой әне колея ғой көріп тұрсыздар. Жұмасына бір- екі авария боп тұрады осы жерде. Ана жерді әлі тазалаған жоқ, сол беті колея болып жатыр ».
- Қазір еріген соң тіпті жаман болады, жол шұрық- шұрық. Мен осы жерде 40 жыл тұрам, бұл проблеманы бір кісідей білемін. Әкімге дұғай- дұғай сәлем. Өте нашар жұмыс істейді. «2» қоямыз.

Сарапшылардың айтуынша Қазақстанда жүргізушілердің құқын қорғау тәжірибесі мүлде жоқ. Салдарынан жолға қарауға міндетті шенеуніктер жауапқа тартылмайды.

Азамат МУСИЛОВ, ЖОЛ САРАПШЫСЫ:

Азаматтар жол қожайындарының, не мердігерлердің кесірінен жол көлік оқиғасына тап болған кезде өзара құқықтарын қорғайды. Бұл дұрыс емес. Бүгінде жолдарға қарайтын мемлекеттік органдардың кінәсі айдан анық.

Юрий Матвеев Әлихан Бөкейхан ауданындағы жергілікті өзін- өзі басқару қауымдастығының төрағасы. Оған жолдарға қатысты күн сайын жүздеген шағым түседі. Белсенді арыздарды әлеуметтік желі арқылы әкімдіктерге жеткізіп әлек, бірақ нәтижесі шамалы дейді. Әсіресе квартал аралық жолдар мен тротуарлар тазаланбайды. Көлік жолы мен тротуарды ажырату қиын.

Юрий МАТВЕЕВ, Ә.БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН- ӨЗІ БАСҚАРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Азаматтар мердігерлердің артынан жүгіріп мына жерді, ана жерді тазала деп жүгірмеуі керек. Бұл дұрыс емес. Бірақ солай апталап жүгіріп жүреміз. Мен кейде бұл кімнің фирмасы, сонша батыл болатындай кімнің қанатының астына тығылып отыр, деп ойлаймын. Ауданымызға облыс әкімі келерде түк қоймай тазалап шықты, сонымен бітті.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- «Қар тазаланбайды. Қыс бойы тазалағанын көрген жоқпыз. Қиналып өтеміз, садиктен қиналып барамыз, қиналып үйге келеміз. Көктемде де мусорлар толып жатады мысалы, дворларда, не возможно бүйтіп жүру».

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы жағдай мердігерлердің қадағалаусыз қалғандығынан қалыптасқанын айтады. Оның үстіне техника тапшы.

Рустам ТАНИШПЕКОВ, «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» РҚБ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Әкімдер жағдайға таң қалған сыңай танытып, биыл қар көп жауды деп құтылады. Әрине, бұл қыс. Оған дайындалу керек. Тікелей барып байқауда жеңген мердігерлерге барып оларда шын мәнінде техника бар ма соны тексеру керек. Ол жұмыс істей ме, әлде жәй қағаз бетінде тұр ма, әкімдік осы жағын жіберіп алған.

Жергілікті әкімдік мәселені арнайы ватсап группада шешетін көрінеді. Ең бастысы негізгі жолдарды тазалайды. Әрине кемшіліктер бар, тіпті біраз фирмаға айыппұл салған.

Асылбек ЖҰМАҚАЕ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ Ә.БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

Тротуарлар тазаланған, қыс бойы тазалаймыз. Тазаланбаса жүрерге жер болмай қалар еді. Әрине кемшіліктер бар. Ең алдымен көлік жолдарын аршимыз. Қар көп жауған кезде әрине бір сағатта алып үлгермейтіні анық.

Шенеуніктер биылдан бастап мердігерлердің санын екі есе көбейтуді жоспарлап отыр. Енді тротуарлар біреуі, жолдарды біреуі аршитын болады. Бұл өзгеріс жұмыстың нәтижесін жақсарта ма, оны келесі қыста көрерміз.