Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде полицейлерге оқ жаудырған тұрғын ұсталды

  • AstanaTV
  • 13 қаңтар 2017
  • 2699

Ақтөбе полицейлері ізіне түскен күдікті қарулы қарсылық көрсетті. Сақшыларға оқ атқан 33 жастағы жергілікті тұрғын оққа ұшқан. Ал одан тәркіленген қару Башқұртстан полицейлері осыдан 11 жыл бұрын іздеу жариялаған қылмыс қаруы болып шыққан. Кейбір ақпарат көздерінің мәліметінше, күдікті жат ағым жетегінде жүрген адам болуы мүмкін. Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал,  тілші:

Оқиға Ақтөбе-Богословка тас жолында болған. Полицейлерге 33 жастағы ақтөбеліктің заңсыз қару алып жүргені туралы жедел ақпарат түсе салысымен, құқық қорғаушылар оқиға орнына жеткендерін айтады. Күдіктіге қаруын тастап, берілуін талап еткен. Бірақ ол бұйрыққа бағынбай, қарсы оқ жаудырған. Полицейлер қарсы оқ атуға мәжбүр болғандарын жеткізді. Күдікті ішінен жараланып, жедел жәрдем шақыртылған. Алайда, ол ауруханаға жетпей, көз жұмды, дейді облыстық ІІД өкілдері.

Арыстанғани Заппаров, Ақтөбе облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары:

Оқиға орнында тәркіленген қару РФ Башқұртстан полицейлерімен 2006 жылдан бері іздеуде жүрген криминалды қару санатына жатады. Қару бойынша бірқатар сараптамалар таңғайындалды. Табельдік қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК 380 бабының екінші тармағы, «Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану», және ҚР ҚК 287 бабының екінші тармағы «Атыс қаруын заңсыз сақтағаны» жөнінде іс жүргізілуде.

Жақсыбек Кемал, тілші:


ІІД өкілдері оның нақты қандай қару қолданғанын және оны ұстау операциясына қанша полицей жұмылдырылғанын ашып айтқан жоқ.

Белгілісі, күдікті бұрын қарақшылық шабуыл жасаған және бір топ адаммен бірге күш қолданып, автокөлікті заңсыз иеленгені үшін сотталған екен. Ал ол жат ағым өкілі деген ақпаратты құқыққорғау органы жоққа шығармайды, бірақ растамай да отыр. Нақты мәліметтер тергеу аяқталған соң хабарланбақ.

Жақсыбек КЕМАЛ