Русский Сайттың толық нұсқасы

Марапат керек болса, 25 мың төлеңіз: Дарынды оқушылар олимпиадасынан шу шықты

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2024
  • 740

Әлеуметтік желілерде «Дарынды 1000 бала» республикалық дарынды оқушылар байқауына қатысты шу шықты. Ұйымдастырушылар байқаудың екінші кезеңіне жолдама алған балалардан 25 мың теңге жарна талап еткен.

Қаражат аударғандарға «Қазақстан дарыны» атты төсбелгіше, төсебелгішені куәландыратын куәлік, республикалық I, II, III дәрежелі диплом, оқушының жетекшісіне және ата-анасына қолдау көрсеткені үшін алғыс хат беріледі деп жазылған.

Бұған Астана қаласында өтетін марапаттау кешіне еліміздің шалғай ауылдарынан келетін балалардың жол ақысын қосыңыз.

Түптеп келгенде, ақшасы барлар төсбелгі тағады, қаражаты жоқтар марапаттан қағылады деген сөз.

Осыған орай Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне ресми жауап берді.

Оған сенсек, бүгінде елімізде ресми түрде ауыл оқушыларына арналған мынадай олимпиадалар бар:

-ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада

-ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы

IQanat Олимпиадасы.

— Бұл олимпиадалар тегін. Аталған ауыл оқушылары арасындағы «Дарынды 1000 бала» олимпиадасы № 514 бұйрыққа енбеген және ресми іс-шара емес екенін хабарлаймыз. Облыстық білім басқармаларына мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, «Дарын» РҒПО осы компанияның алдағы қызметі туралы құқық қорғау органдарына хабарласып, тиісті шара қабылдайтын болады, — делінген ресми ақпаратта.

Соңғы кезде білім саласында осындай ақылы байқаулар қаптап кеткені жасырын емес. Ақша аударғандардың барлығы жүлдесіз қалмай, электронды алғыс хаттар жолданады.