Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы жер сілкінісі: ғалымдарды қандай мәселе алаңдатып отыр?

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2024
  • 808

«Жер сілкінісі болмайды деп айту – үлкен қателік». Сейсмологтар соңғы болған зілзаладан кейін бірде-бір афтершоктардың болмағанын айтып, алаңдауда. Алматыда 4 наурызда сезілген қуатты жер асты дүмпуі басқаларынан ерекшеленеді. Оның ошағы мен магнитудасындағы қысым сейсмологтардың арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іле Алатауының баурайындағы алып шаһар тұмса табиғат, көздің жауын алатын көрікті жерлерімен танымал. Таңғажайып таулы аймақта оған қоса өзіне тән табиғи құбылыстар да жиі болады. Қазір мегаполис елдегі сейсмикалық қауіпті өңірлердің қатарында көш бастап тұр. Алматы тарихына көз жүгіртсек алапат жер сілкінісі бірінші рет 1887 жылы «Верный» атауымен есте қалған. Магнитудасы 7,3 дүмпу талай адамның өмірін жалмап, қаланың басым бөлігін қиратқан. Бұл оқиғадан соң 1910, 1990, 2011 жылдарда қуатты жер сілкіністері тіркелген. Одан кейінгі халықты алаңдатқан қуатты дүмпулер 2024 жылдың бірінші жартысында екі мәрте сезілді.

«Қалада жер сілкінісі болған, жалғасып жатыр, әлі де талай болады» деп мәлімдеді сейсмологтар. Сала мамандарының айтуынша 4 наурызда сезілген қуатты дүмпуден кейін әлі бірде-бір афтершок тіркелмеген. Бұл фактор сарапшыларды алаңдатып отыр. Өйткені афтершок – жер асты тербелістерінің қауіпсіз өтетінінің бірден бір кепілі. Сондай-ақ бір жарым айда 2 рет болған сілкіністердің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Дүмпу ошағы неғұрлым жақын болса, тербеліс «тігінен» сезіліп, қуаты да сәйкесінше күшейе түседі.

– Жақын арада күш 7 баллдан жоғары жер сілкінісі 70 пайыздық ықтималдықпен болмайды деп айтады. Бұл – да болжам. Болжам деген 3 параметрді білдіреді. Орның орны уақыты және күші. Бұл –да болжам. Бұлай нақты кесіп айтуға болмайды, ондай негіз жоқ. Негізгі сілкіністің ошағы біздің көзімізден тыс, 15-20 км тереңдікте жатыр. Тек жердің бетінде құрылғы қойып, солардан келген көрсеткіштерді талдаймыз. Ол дұрыс па, дұрыс емес пе, рас па, өтірік пе, оны да нақты айту қиын. Екінші 4 наурызда болған жер сілкінісінен кейін неге афтершок болмады деген әңгіме болды. 5 баллдық магнитудасы 5.3 бұндай сілкіністерде афтершок болуы тиіс. Бірақ болмайтындары да бар, – деді геология-минерология ғылымдарының докторы Әлқуат Нұрмағамбетов.

Белгілі сейсмолог Мұхтар Хайдаров Алматыда болған соңғы жер сілкінісінен кейін жұртшылық назар аударуы тиіс бірнеше деректі атап өтті. Маманның сөзінше соңғы дүмпу бұрын болған Кемин жарығының ошағына жақын орналасқан. Бұл сол аумақтағы жер бедерінің белсенділігін тудыруы мүмкін. Тағы бір алаңдатарлық фактор қаладағы су қоймалары. Жиналған су массасы қандай да бір тербелістердің күшін еселеп, тектоникалқы процесстерді қоздырады.

– Осы ошақ оянып жатыр ма деп ойлаймын. Ол – қуатты жер сілкіністің ошағы. Екінші факт 6.1 магнитудасына қарасақ, ол жерде үлкен қысым бар, – деді сейсмологиялық сарапшы Мұхтар Хайдаров.

Соңғы 8 жылда әлемдегі ең жойқын жер сілкіністері Жапония аумағында болған. Жерді 3 метр биіктікке дейін көтерген алапат дүмпулер мыңдаған адамның өмірін қиды. Алайда қазір жапон халқы жер асты сілкіністеріне еті үйренгендей, дүрбелеңге салынбайтын көрінеді. Такаши Ниномия Нагоядан 2014 жылы көшіп келген. Ол елдегі соңғы жер сілкіністері оны қатты алаңдатпағанын айтты.

– Жапонияда жер сілкінісін амал жоқ деп ойлайды. Бірақ теңіз жанында тұратын адамдарға цунами де қорқыншыты. Жер сілкінісі 5 не 7 балл болса да, дүрбелең тудырмай, заттарды дайындап қою керек, – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, шығыстанушы Такашими Ниномия.

Сейсмологтардың айтуынша қазір салада мамандар тапшы. Ауқымды зерттеулер жүргізіп, жобалар ұйымдастыратын жас ғалымдар жетіспейді. Ал қауіпті жер сілкінісін алдын ала біліп, қауіпті азайту үшін экспедициялар ұйымдастырылып, жарықтарды зерттеу керек.