Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басынан бері Қызылжарда үшінші рет құбыр жарылды

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2017
  • 2888

Петропавл тұрғындары 3,5 сағат бойы сумен арпалысып, дүние мүлкін сақтап қалумен әлек болды. Кезекті рет коммуналдық жүйеде апат болып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылды. Апаттың салдары туралы тілшіміз тарқатады.

Қызылжар көшелері қайтадан өзенге айналды. Кеше кешкісін жылу құбыры жарылып, сыртқа атқылаған ыстық су бүтін бір шағынауданды басып алды. Көше бойымен сарылдап аққан суды жұртшылық табан астынан келген көктемге теңеді.

Апаттан әсіресе Менсұлу Салықова қатты зардап шекті. Су зейнеткердің ауласына өтіп, көрші үйдің астына кірген. Қатты ағынға тіпті бетон жол да шыдас бермеген. Су ыстық болғандықтан, баспанасынан шыға алмай, бірнеше сағат бойы үйінде қамалып отырғанын айтады. Қарт ананың денсаулығы да сыр берді.

Меңсұлу Салықова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Биіктігі судың жарты метр болды. Орамның іші толып кетті. Шығатын жер жоқ. Мына орамның үйдің су астынан өтті. Енді оны кім жөндейді, кім істейді? Ешкім келген жоқ.

Апатқа байланысты 4 көпқабатты үй, 50-ге тарта жеке үй мен облыстық балалар ауруханасы бірнеше сағат бойы жылусыз отырды. Абырой болғанда, нысандар қатып қалған жоқ. Дегенмен, үйлерге ыстық су әлі де қосылмаған.

Игорь Рыбас, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас директоры:

Кеше сағат кешкі алтылар шамасында құбырда қысымның жоғалғанын байқадық. Кейін бірден бізге тұрғындардан су басып жатыр деген хабарлама түсті. Қазір апат орнында 2 жедел топ жұмыс істеп жатыр. Жарылған құбырды екі жақтан бітеп, үйлерді басқа жүйеге қостық.

Қалада жылу құбырларының 65, ал су құбырларының 72 пайызының тозығы жеткен. Қаңтар басталғалы жүйелерде осымен үшінші рет апат болып отыр. Жауапты мекемелердің қолайсыз ауа райына қатысты сылтауын тәжірибелі маман Григорий Кухарь жоққа шығарды Құбыр тарту ісін бес саусағындай білетін ол қаусаған магистральдардың апатына жерасты сулары себеп дейді. Тереңде ағып жатқан су арналары темір құбырды әбден мүжіп, тесіп тастаған. Ал жуырда салқын су құбырында орын алған апаттың жөні бөлек көрінеді.

Григорий Кухарь, Петропавл қаласының тұрғыны:

Жаңа құбырды ескі магистральдің ішінен тартпау керек еді. Ескінің аты ескі. Жарылған кезде апаттың көзін табу қиын. Бұл жолы коммуналдық кәсіпорын дәл осы проблемаға тап болды. Бір апта бойы құбырдың ағытылып кеткен жерін анықтай алмады. Жалпы, 8 жыл бұрын мердігер компания әлгі жобаны екі жыл бойы тапсыра алмай, біршама қиналып еді. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Сөйтіп, Петропавл жылу жүйелері серіктестігі қазір жарылған құбырды ауыстыруды қолға алған. Алайда, магистральдің ертең басқа жерден жарылмайтынына ешкім кепіл беріп отырған жоқ. Ыстық тасқынды бастан кешірген тұрғындар жандарын шүберекке түйіп, апаттың қайталанбауынан үміттеніп отыр.

А.ҚҰРМАНКИН