Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлем кезген жиһанкездер көлігі сынып, Оралда қалып қойды

  • AstanaTV
  • 16 қаңтар 2017
  • 3318

Әлемді шарлаған испандық саяхатшылар Оралға жете бергенде көлігі сынып, жолда қалды. Абырой болғанда, жолай кездескендердің бірі жиһанкездерді облыс орталығына жеткізіп, жылы жерге паналатқан. Зауыттан 1982 жылы шыққан ескі көлігін жөндей алмаған шетелдік саяхатшылар енді  жергілікті шеберлер көмегіне жүгініп отыр.

Еркін Карин, тілші:

Жиһанкездер бұл сапарға үш жыл дайындалғанын айтады. Көлік жөндеуші болып істейтін Хосе Кальдерон тозығы жеткен ескі Лендровер Сантананы өз қолымен қайта құрастырып шығады. Осыдан кейін құрбысын ертіп ұзақ сапарға аттаныпты.

3 айдың ішінде 16 мың шақырымды артта қалдырған қос саяхатшы Италия, Словения, Хорватия, Босния, Сербия, Финляндия, Норвегия, Чехия, Польша, Литва елдерінде болған. Ресейге жақындаған сайын аяз күшейіп, тоңа бастаған соң, жылы киім сатып алуға тура келгенін айтады. Бірақ күннің суығына көлік шыдамады деп отыр. Оралға жақындағанда істен шыққан. Жол бойы көлік тоқтатып көмек сұраған шетелдіктерді Нұрлан Рахымжанов есімді Орал қаласының тұрғыны жолықтырады. Жылындырып, тамақ беріп, көлігін сүйреп қалаға жеткізген.

Патрисия Перес, саяхатшы (Испания):

Қазақстанның адамдары өте қонақжай екен. Далада кездескен бейтаныс Нұрланның өзі бүкіл шаруасын тастап, біздің жағдайымызды жасап берді. Жылы киім беріп, тамақтандырды. Тіпті көлігімізге дейін жөндеп бермекші. Біз қазақша, олар ағылшынша білмесе де, бабымызды тапты. Қазақтардың қонақжайлығын көріп, жолда көрген азабымызды ұмыттық. Осындай ғажап жандармен танысқанымызға қуаныштымыз.

Бір қиыны - автокөліктің сынған бөлшегі еш жерде жасалмайды екен. Бірақ жергілікті зауыт қол ұшын созып, сынған тетікті жөндеп беретін болды. Ал көлік жөнделгенше, оралдықтар саяхатшыларға қаланы аралатып, елдің тарихымен таныстырмақ.

Нұрлан Рахымжанов, Орал қаласының тұрғыны:

Кездейсоқ біздің Оралға келіп, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін көріп, өте таңғалып, өте риза болып жатыр біздің қазақтың осындай дархан екендігіне. Соның ішінде біздің қазы өте ұнап жатыр бұларға.

Көлігі жөнделгесін, саяхатшылар қайтадан жолға шығады. Егер тағы да сыр берсе, көлікті тастап, саяхатты әрі қарай жалғастырамыз, деп әзілдейді. Олардың өз елдеріне жетуіне енді бес мың шақырымдай жол бар.

Еркін КАРИН