Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда ашық люкке соқтығысқан жүргізуші 620 мың теңге өндіріп алды

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2024
  • 589

Қарағандыда ашық люкке соқтығысқан жүргізуші 620 мың теңге өндіріп алды, деп хабарлады Halyq Uni.

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотында «Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ, «Қазақжолқұрылыс» ЖШС, «KVINTECconstruction» ЖШС-не қатысты азаматтық іс қаралды.

Азаматтық істің материалдары бойынша, 2022 жылғы 5 мамырда сағат 17:13-те Жаңа Майқұдық полиция бөлімі К.Маркс пен Винницкая көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы кезінде канализациялық люктің қақпағы аударылып, Audi A6 маркалы автокөлігіне зақым келгені (доңғалақ ұшып кетті) туралы хабарды тіркеді.

Жылжымалы мүлікті бағалау туралы есепке сәйкес, амортизациялық тозуды ескере отырып, талапкердің автокөлігін қалпына келтіру-жөндеуінің нарықтық құны 620 мың теңге болды.

Талапкер жауапкерлердің аудан жолдарын күтіп ұстау жөніндегі міндетін тиісінше орындамауы салдарынан оған залал келтірілгенін дәлелдей отырып, соттан жауапкерлерден келтірілген залал сомасын және сот шығындарын бірлесіп өндіріп беруді сұрады.

Белгіленген мән-жайларды ескере отырып, сот талапкерге келтірілген залалды өтеуге жауапты тұлға «KVINTECconstruction» ЖШС деген қорытындыға келді. «KVINTECconstruction» ЖШС Заң нормаларын бұза отырып, оқиға болған жол учаскесі, ондағы жөндеу жұмыстарын жоспарлауға қарамастан, алдын алу шараларын қолданбаған және аталған жол учаскесін қоршамаған. Бұл ретте автокөлікке талапкердің өзінің кінәсінен зақым келтіргенін растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған. Соттың 2023 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен көлік иесінің талаптары ішінара қанағаттандырылып, «KVINTECconstruction» ЖШС-нен оның пайдасына материалдық залалды өтеу үшін 620 мың теңге мөлшеріндегі сома өндірілді, – делінген сот хабарламасында.

«Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ және «Қазақжолқұрылыс» ЖШС іс бойынша тиісті жауапкер болып табылмағандықтан, оларға талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.