Көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапарында айтты. Кездесу барысында 14 түрлі құжатқа қол қойылды. Қандай бағыттарға басымдық берілді? Әріптесім Сүндет Оралбек тарқатсын.
Бұл Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежай. Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжандағы Президент сайлауынан кейін мұнда қонған алғашқы мейман. Мемлекет басшысын елдің Премьер-министрінің бірінші орынбасары Ягуб Эюбов пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Самир Шарифов ыстық ықыласпен қарсы алды.
Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, қос мемлекеттің әнұраны шырқалды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Салтанатты рәсімнен кейін қос тарап басшылары Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Президент өз сөзінде қонақжайлық көрсеткені үшін әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді. Ильхам Гейдар оғлын Әзербайжан Республикасының Президенті сайлауында айқын жеңіске жетуімен құттықтады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сізді Әзербайжан халқының жалпыға бірдей танылған көшбасшысы деп білеміз және халықаралық аренада да осындай тұлға ретінде қабылдайды. Сонымен қатар Әзербайжанның өз егемендігін қалпына келтіру ісінде тарихи жеңіске жеткеніне шын жүректен қуаныштымыз.
Екі ел арасындағы сауда-саттық жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр Қазақстан мен Әзербайжан шамамен 529 млн долларға сауда жасасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері 5 есе артты. Әрине, бұл цифр соншалықты таңқаларлық көрсеткіш емес шығар. Бұл бағытта жұмыс істеу керек, алайда қазіргі сауда қарқыны оң бағалауға лайық. Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық.
Қазақ-әзербайжан қатынастарын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі де оң септігін тигізуде.
Мәселен, қасиетті Түркістан мен Шуша шаһарлары, сондай-ақ Орал мен Мингечевир, Шымкент пен Гянджа қалаларының арасында бауырластық қатынас орнады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарға баса мән беремін. Бұл халықтарымызды жақындату тұрғысынан өте маңызды. Сумгаит қаласындағы көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталды. Біз ол үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ Астана қаласындағы көшеге Гейдар Әлиевтің есімі берілді. Бұл екі елдің ұлы тұлғаларын ұлықтауға арналған елеулі оқиға болды.
Бұл сапар Мемлекет басшысының Әзірбайжан жеріне 3-ші рет келуі. Осыдан-ақ өзара қатынастардың қарқыны қаншалықты күшейе түскенін байқауға болады. Мұны Әзербайжан Президенті де растады. Ильхам Әлиев қазақ пен әзірбайжан бауырлас ұлт екенін тілге тиек етті. Қазақстанның әр табысына қуанатынын жеткізді.
Ильхам Әлиев, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сізді және бүкіл бауырлас Қазақстан халқын әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму жолындағы керемет жетістіктерімен құттықтағым келеді. Сонымен қатар біз екі елге ортақ жобалар туралы әңгімелестік. Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы мәселелерді талқылады. Сарапшылар бұл сапардың берері мол дейді.
Әділ КАУКЕНОВ, САРАПШЫ:
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас тығыз. Бұл тек екі елге ғана емес, көптеген мемлекетке оң ықпал етуде. Мысалы, Транскаспий бағыты Оралық Азия мен Оңтүстік Кавказды ғана байланыстырған жоқ. Шығыс елдерінің тауарларын Еуропаға, Таяу Шығысқа жетуіне жол ашты. Сол үшінде екі елдің транспорттық әлеуетіне қызығушылар мен инвесторлар көбеюде.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, САРАПШЫ:
Екі мемлекеттің арасындағы ортақ байланыстар тығыз. Ортақ мүдделер бар. Сауданы 1 млрд-қа жеткізу, транскаспий дәлізінің әлеуетін ашу. Цифрлық жібек жолы жобасын дамыту. Қысқаша айтсақ, геосаяси маңызы бар.
Сондай-ақ, қос тарап Сиань қаласынан Апшеронға контейнерлі пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Биыл 28 ақпанда Сианьда Қазақстан терминалы ашылып, Қытай – Қазақстан – Әзербайжан бағыты бойынша алғашқы пойыз жолға шыққан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартатынын айтты.