Русский Сайттың толық нұсқасы

Универсиада өтетін 9 нысанға террористік тұрғыдан осал деген мәртебе берілді

  • AstanaTV
  • 17 қаңтар 2017
  • 2826

Министрлер Үкімет отырысында кино көрді. Кинематографиядағы шешілмей тұрған мәселелерді талқыға салды. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақ фильмдері неге түнгі уақытта көрсетілетінін түсіндірді. Шенділермен бірге отандық кино өндірісінің жаңа туындыларын тілшіміз Айгүл Әдепбай да көріп қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Үкімет отырысы бүгін ерекше форматта өтті. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы ерекшеленіп, Үкімет мүшелеріне кино көрсетті. Бірақ оған дейін Алматыда өтетін әлемдік ауқымда шара қысқы универсиадаға дайындық пысықталды. 59 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр.

12 күн. Әлемдік деңгейдегі қысқы универсиаданың басталуына осынша уақыт қалды. 12 спорт түрінен 86 медаль жиынтығы ойнатылады. Ел намысын 168 спортшы қорғайды. Қауіпсіздікті 7 мың тәртіп сақшысы қамтамасыз етеді. Алайда ішкі істер министірінің айтуынша, қиындық жоқ емес.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

Терроризм мен экстремизм қаупінің алдын алу үшін Универсиада өтетін 9 нысанға террористерден қорғау тұрғысынан осал деген мәртебе берілді.

Жеңімпаздарға тиесілі қаржылық сыйақы көлемі де қомақты. Бірінші орынға - 4,9 млн теңге, екінші орынға - 3,3 млн және үшінші орынға - 1,6 млн теңге беріледі. Дәл осынша ақшаны жаттықтырушылар да иеленбек.

Үкімет отырысында қазақ кинематографиясының жайы да сөз болды. Қазақ киносының соңғы жетістіктерін паш ету үшін отандық фильмдердің үзінділері көрсетілді Үкімет мүшелеріне.

Қазақ киносына қаржы бөлінбей жатыр деуге келмейді. 2014 жылы 4 млрд 700 млн, 2015 жылы 6,5 млрд және 2016 жылы 3 млрд 300 млн теңге қаралған. Алайда басы ашық мәселе жетіп жатыр. Тіпті, дайын кинокартинаның көрсетілімінің өзінде проблема баршылық. Кинотеатрлардың жеке бизнеспіз деп, еркінсіп кетуі, қазақ фильмдерінің прайм-тайм уақытта көрсетілмейтіні, тағысын тағы.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Кинотеатрлар таңғы жеті мен сағат онға қояды. Былай қарасаң, заң орындалып жатыр. Олар айтады, бізде болып жатқан фильмнің алтауының үшеуі қазақша, мархабат, таңғы жеті мен онда келіп көріңіздер. 

Жиынға қатысқан кино майталмандары бірталай қиындықтың басын ашты.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі:

Смета бекітіледі. Соны кейде автоматты түрде жартысын қырқып тастайтын болады мынау минфиннен. Сосын жартысын өздерің табыңдар дейді. Қайдан табамыз? 

Ақан Сатаев, режиссер:

Көрермендер, "фильм қашан пираттық нұсқада шығады екен, соны күтіп жүрміз" деп, ашық жазады. Егер олармен бейәдеп сайттармен күрескендей күрессек, салаға үлкен көмек болар еді. Бізде прокатқа шығатын шетелдік фильмдерге белгілі бір квота беру керек. Ресейде, мысалы, көрсетілімге шығатын фильмдердің 20 пайызы отандық өнім болуы керек деген талап бар.

Режиссер кино өндірушілер мен прокатқа шығарушыларды қосымша құн салығынан босатуды сұрады. Немесе шетелдік фильмдердің билет құнын қымбаттату керек дейді. «Алмас қылыш» туындысынан басталған қазақ хандығы туралы эпопеялар желісі Қасым хан туралы фильмге дейін жалғаспақ. Алайда режиссерлер ақшадан қиналатындарын жасырмады.

Рүстем Әбдіраш, режиссер:

Ел ағалары қолдап, осы жолы дұрыс бюджет беріңіздерші. Өйткені қиналып жұмыс істейсің. Аяғына тартсаң, басына жетпейді. Басына тартсаң, аяғына жетпейді. Енді мен әкем туралы фильм түсіріп жатқам жоқ. Ол бүкіл халқымыздың тарихы. Осы жерде отырған барлық азаматтардың тарихы. 

Премьер-министр кино әлеміндегі көптеген қиындықтарды біле бермейтінін мойындады. Кино индустриясына беріліп жатқан Үкіметтік қолдауды қайта қараймыз деді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Сапалы фильм түсіру үшін тиісті қаржы керек. Түсінемін, Голливуд пен Болливуд деңгейіне жеткен жоқпыз, сондықтан тұжырымдама аясында киноиндустрияға беріліп жатқан қолдау бойынша біздің позициямызды қайта қарау керек шығар. Пираттық сұрақ өте маңызды. Кей тұста жұмысты соңына дейін жеткізбеген болармыз. Министрмен тағы бір қарап шығу керек. 

Статистикаға сенсек, еліміздегі 35 киноөндіріс ұйымы жылына 250-ден астам кинокартина шығарады. Отандық фильмнің үлесі 6 пайызды ғана құрайды. Қазір елде кинематография туралы арнайы заң да жоқ. Бірақ ол әзірленіп жатыр. Наурыз айында Үкіметке, мамырда Парламентке енеді. Заң қабылданса, кино әлеміндегі біршама мәселе шешіледі, - деп сендірді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Айгүл ӘДЕПБАЙ