Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазы-қарта, жал-жаяның бағасы аспандап кетті

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2024
  • 1076

Ет тісімізге емес, түсімізге кіруі мүмкін. Себебі бағасы қымбаттап жатыр. Әз наурыз мерекесі жақындаған тұста тағы өсті. Теңгесін тағамға қимайтындар көп дейміз-ау. Бірақ смартфон дегенде соңғы ақшасын санап беріп жатқандар бар. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.

Ұлыстың ұлы күні әр шаңырақта Наурыз көже пісіріліп, мерекелік дастархан жайылады. Оны қазы-қарта, жал-жаясыз елестету мүмкін емес. Бірақ биыл үстел үстін етке толтыру көпшіліктің қалтасына салмақ салатын секілді. Себебі, бағасы шарықтап барады. Жылқы еті бір жылда 4,3% қымбаттады. Ал қазы 4,8%, жая 2,5%-ға көтерілді. Әсіресе Павлодар мен Ақмола, Маңғыстау облыстарында шамамен 10 пайызға қымбаттаған. Ал Шымкентте керісінше 4,6 процентке арзандады. Айта кетейік, биыл қаңтарда 281 тонна жылқы еті өндірілген.

Елімізде самсунг смартфонын сатып алатындар азайды. Көпшіліктің таңдауы apple компаниясының өніміне түскен. Халықтың 36 пайызға жуығы осы марканы ұстайды. Смартфонның 14 пен 15 про макс үлгісі сұранысқа ие. Одан кейін 22 процентпен самсунг тұр. 2010 жылдан бері көш басын самсунг бермей келген.

Соңғы жылдары баспанасын сақтандыратындардың саны артты. Республика бойынша жыл басынан бері 855 мүлік сақтандырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 80 пайызға артық. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жасалған шарттардың 50 проценті кіреді. Алматының үлесі небәрі 14,85 пайыз. Басым бөлігі жылжымайтын мүлігін апатты жағдайларға, табиғи құбылыстарға байланысты сақтандырады.

Айбота БОЛАТҚЫЗЫ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Пәтердің құны жиырма миллион теңге тұрған жағдайда сақтандыру полюсінің суммасы жылына 20 мың теңгені ғана құрайды. Жер сілкінісінен бөлек, тәуекелдерінің қатарына өрт, ұрлық, тонау, көшкін, су тасқыны сынды табиғи апаттар кіреді.