Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда 9 жол апаты болып, 3 адам жарақаттанды

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2024
  • 619

Бүгін Алматыда жауған қалың қардың әсерінен қозғалыс қиындап, көшелерде кептеліс туындады. 9 жол апаты болып, 3 адам жарақаттанған. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істесе де, үсті-үстіне жауған қарды тазалап үлгермей жатыр. Мегополистегі ахуалды әріптесім Элеонора Ыбырайқызы айтады.

Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тоқтаусыз жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде 10 см дейін жеткен. Қазір көшелерде мыңнан астам жұмысшы мен 500-ге жуық техника қар тазалап жатыр. Казгидрометтің дерегінше мұндай ауа райы 15 сағатқа дейін созылуы мүмкін.

Кеше ғана +12 болған ауа райының күрт өзгерерін ешкім күтпеген. Тұрғындар діттеген жеріне жете алмай қиналды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Кеше ғана жылы болды енді. Бірақ суып кеткеннен, екіншіден қардан, кептелістер көбейіп кетті, машиналар кеш шығып жатыр, соның бәрінен қатты кешігіп жатырмыз.
- Негізі құрылғыда қазір +2-ні көрсетіп тұр. Мен қар жауып тез еріп кетеді деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады.
- Ташкентский – Райымбек жақта кептеліс өте көп жатыр, сол себепті мен баратын жеріме Абылайханмен кетіп бара жатырмын.
- Кеше жылы болып, қазір суық болып кеткені бұл организімге әсер етеді.

Әлеуметтік желіде түрлі видеолар тарады. Бұл бейнекөріністің авторының айтуынша, оқиға таңғы сағат 7:00 шамасында 9-шы шағын ауданда болған. Кем дегенде жеті көлік зақымданған көрінеді.

Бірақ, бұған қатысты тұрғындардан шағым түспеген. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметі тұрғындардан көліктерін ағаштардың, электр желілерінің және басқа да құрылыстардың астында қалдырмауды сұрады. Қазір коммуналдық сала мамандары үздіксіз жұмыс істеп жатыр.

Александр СЕРГЕЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қалада ауа температурасы нөлден жоғары болған соң көшелерге мұз еріткіш материалдар себілген жоқ. Бірақ, 139 құм таратқыш кезекшілік етуде. Арық желілері арқылы судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта 52 жедел мобильді бригада жұмыс істеді. Су басу дерегі болған жоқ.

Синоптиктердің ақпаратынша, ертең де күн жауын-шашынды болады.

Алтынзер ЕСБОСЫНОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:

Алдағы күндері атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен Қазақстан аумағында ауа-райының тұрақсыз сипаты сақталады, жауын-шашын, қатты жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде 14 наурызда Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында, қатты қар 15 наурызда тәулік бойы Жетісу облысында, 15 наурызда түнде Алматы облысында болады деп күтілуде.

Сондықтан мамандар тұрғындарға таулы аймаққа бармауды ескертеді. Жел екпіні 15-22 метрге дейін жетеді деген болжам бар.