Русский Сайттың толық нұсқасы

Наурыз мейрамы әлемнің 10 елінде мемлекеттік мереке ретінде тойланады

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2024
  • 1794

Бұл күн біздің елде ғана емес көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Тәжікстан және Иран, Әзербайжан, Албания, Ауғанстан, Үндістан және Македонияда айрықша мәнге ие. Сондай-ақ, «жергілікті деңгейде» Татарстан, Башқұртстан, Қытай және тіпті Жапонияда да атап өтеді. Ал 2010 жылдан бастап Наурыз Грузияда ұлттық мереке болып жарияланды. Наурыз түрлі елдердің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі өтеді,-деп хабарлайды 24.kz.    

Біз Наурыз деп атаймыз, ал өзге ұлттар ұлттық тіліне сай түрліше атайды. Бірақ, олардың бәріне ортақ бір ерекшелік бар. Бұл жеті түрлі дәмнен ас әзірлеу үрдісі. Яғни біздегі Наурыз көжені, өзбектер мен қырғыздарда сүмалақ деп атайды. Тәжікстанда мереке күні “с” әрпінен басталатын 7 түрлі тағам дайындалса, Ауғанстанда 7 түрлі жемістен жасалған шырын дастарханға қойылады.

Наурыз - шығыс жаңа жылы

Наурыз мейрамының шыққан жері – ежелгі Иран дейді. Кеңес Одағы құлағанға дейін әлемде Наурыз мейрамын өз күнтізбесіне ұлттық мереке ретінде тіркеген жалғыз ел Иран екен. Наурыздың 21-інен Иранда жаңа жыл басталады. Жаңа жыл, жаңа күн деп тұрғындар арасында жаңа киім-кешек алу үрдісі қалыптасқан. Қазір ирандықтар наурызды 13 күн бойы думандатып тойлайды. Осы күндері халық қайырымдылық шараларына да айрықша мән береді. Мейілінше мейірімді, болуға тырысады. Бір қызығы, дастарханға парсы әліпбиіндегі "син" әрпінен басталатын жеті түрлі тағам қойылады. Сондай-ақ, оның жанына міндетті түрде айна, шам, су құйылған ыдыс, қызыл балық, боялған жұмыртқа мен тиын қояды.

Ирандықтар Наурыздың келуін, Жаңа жылмен байланыстырады. Бұл күні халық үйінде отырмайды, туған-туыстарын аралап, әрқайсысына сыйлық сыйлайды. Ата-аналар балаларына жаңа аяқ киім, киім-кешек сатып алып береді. Бұл жаңарудың, тазарудың символдық мәнін білдіреді,-дейді  парсы зерттеулер және мәдениет орталығының директоры Турадж Дарья. 

Ауғанстанда наурызда далаға шықпайды

Ауғанстанда 20 наурыз түнгі сағат 01:00-ден, 21 наурыз күндізгі 12:00-ге дейін ешкім көшеге шықпауға тиіс. Яғни егер кімде-кім сол уақытта тысқа шықса, келер жылда отбасы мүшесінің біреуі дүниеден өтеді деген наным болған. Сондай-ақ жанұядағы баланың санына байланысты алдын ала жұмыртқа пісіріліп, түрлі-түске боялады. Бұл барлық бәле сонымен кетсін деген ниетпен жанұядағы әр балаға кем дегенде бір дана жұмыртқа жегізеді.