Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ата-бабасын ұлықтауды сұрап ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады", - Президент

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2024
  • 699

Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан, шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды.
Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл — жағымсыз жағдай. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізеді. Тіпті, шетелде бізді көне заманға және кеңестік кезеңге қатысты монументтер қаптаған „Ескерткіштер елі“ деп айтатын болды», — деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс екенін атап өтті.

«Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал.
«Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда, Президент әйгілі қаламгер, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өтті.

"Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын. Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды.
Сондай-ақ бүгін ортамызда Құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат.
Біз халқымыздың осындай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет», - деді Мемлекет басшысы.