Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін - қайырымдылық күні

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2024
  • 756

Бүгін - наурызнама бойынша қайырымдылық күні. Сондай-ақ мейірімділік насихатталатын күн. Осыған орай бүгін алматылық оқушылар әлеуметтік үйдің тұрғындары-қарт-қарияларға барып, олардың көңілін көтерді. 

 "Қамқор" әлеуметтік үйінде 40-қа жуық тұрғын бар. Бүгін олардың көңіл-күйі ерекше көтеріңкі. Мектеп оқушыларының өнері, балалардың өздері дайындаған бұйымдары оларды тамаша әсерге бөледі.

Валентина ДЕНИСЕНКО, «ҚАМҚОР» ӘЛЕУМЕТТІК ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізде Қазақстанда өте жақсы дәстүр бар. Қарттарды ұмытып кетпейді. Бұл менің жүрегімді елжіретеді. Қазақстандықтарды наурыз мейрамымен құттықтағым келеді. Денсаулық, отбасыларына жақсылық, бақыт тілеймін.

Қариялар бір-бірімен шүйіркелесіп, ән мен жыр тыңдап, біраз жасап қалғандай. Жүздерінен жылулық төгіледі. «Жылы сезім жүректерде сақталады, Мейірімділік тек жүректен басталады»,-демекші балалардың жүректен шыққан сөздері оларды марқайтып, мерейін өсірді.

78 жастағы Зульфира Тынчерова мұнда 4 жылдан бері тұрады. Осында жанына жақын жандарды кездестірді. Көңіліне демеу тапты. Жылулықты сезінді. Мейірімнің не екенін ұқты.

 Зульфира ТЫНЧЕРОВА, «ҚАМҚОР» ӘЛЕУМЕТТІК ҮЙІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Наурыз мейрамымен барлық ұлттарды, Қазақстандағы бәрісін құттықтаймын.

Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым. Жайнаған гүлдей құрбым сен, Жағада тұрдың сен. Жаз еді көркіңде, Қайдасың бұл күнде. Сені іздеп арманым, Сыр бойын шарладым.

Әлеуметтік үйге мереке сайын келіп, қарттарға қуаныш сыйлайтындар көп. Қайырымдылық -тек материалдық көмек көрсетуде емес, рухани қолдау, көңілі жүдеу адамды жылы сөзбен жігерлендіру. Бұл -қазақ халқының басты құндылықтарының бірі.

Турарбек ТУМАНШИЕВ, «ҚАМҚОР» ӘЛЕУМЕТТІК ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұндай іс-шара әрқашан өтіп тұрады. Бұл біздің болашақ ұрпаққа деген тәрбиелі іс деп ойлаймын.Біз бүкіл қаланың мектептерімен, колледждерімен және басқа да ұйымдарымен меморандумда отырғанбыз. Олар келіп қарттармен әңгімелесіп және ауаларын тазалап, үйлерін тазалап дегендей көптеген іс-шараларға қатысады.

Қайырымдылық жасап, мейірімділік танытып, адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктіреді. Мұндай ізгі амалдардың тек атаулы күнде емес, әрдайым жалғасын табуы, оны балалардың, жастардың өздерін қатыстыра отырып жасау, ізгілікті насихаттау ел болашағына салынған ең үлкен инвестиция.