Русский Сайттың толық нұсқасы

Отанға деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, іспен көрсету қажет - Президент

  • AstanaTV
  • 15 наурыз 2024
  • 669

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды.

«Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді. Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек.
Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни, қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.
Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет. Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс екенін тілге тиек етті.

«Қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін баршаңыз көріп отырсыздар. Халықаралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішінде аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіпті, аңғал көзқарас сияқты көрінеді.
Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді. Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады.
Еліміздегі мемлекеттік аппараттың сыртқы және ішкі саясатқа қатысты шешімдерінің бәрі популизмді және құбылмалы ахуалдарды емес, іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алуы керек. Мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай бекітіліп, нақты міндеттемелер жүктейтін шешімдері қайта қаралмайтындықтан, әсіресе, сыртқы саясат саласына мұқият болған жөн», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.