Русский Сайттың толық нұсқасы

Ертіс өзеніндегі көпірді бұзу жұмыстарының қаншалықты заңды екенін құзырлы органдар тексереді

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2017
  • 3279

Өскеменде Ертіс өзені үстіндегі көпірді бұзу жұмыстарының қаншалықты заңды болғанын құзырлы органдар тексереді. Оған экология және еңбек инспекциясы да тартылған. Бұл туралы облыстық прокуратураның өкілі Рустам Шідердинов айтты.

Елді дүрліктірген даудың ушығуына әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнекөрініс себеп болыпты. Онда бірнеше жұмысшының темір арқанға ілініп тұрған дәнекерлеушіні демеп жатқаны көрінеді. Кейін темірбетон плитаның үлкен сынығы өзенге құлап, жұмысшыларға су шашырайды. Мұның қаншалықты дұрыс екенін, өзенге құлаған бетон мен арматураның сынығы қалай шығарылатынын жауапты сала өкілдері түсіндіретін болады. Қазір көпір асты құрылыс қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Бұл жағдай қалалықтарды да алаңдатып отыр. Мамандар көпір сынықтарының кесірінен өзен арнасы өзгеруі мүмкін екенін айтады.

Еске салсақ, қарашада Ертіс өзеніндегі көпір құлап, көпшіліктің назарын аударған болатын. Қазір өткелді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Рустам Шідердинов, ШҚО прокуратурасы бірінші басқармасының басшысы:

Экологияға қандай зиян келгенін ең алдымен эколог-мамандар анықтап, ұйғарым жасауы тиіс. Олар мұның дұрыс әлде бұрыстығын тексереді. Сондықтан экология департаментіне тапсырма бердік. Егер бұл іс заңсыз деп танылса, онда келген шығын өтелуі тиіс.