Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада екі сатушыдан 100 келіге жуық насыбай тәркіленді

Астанада екі сатушыдан 100 келіге жуық насыбай тәркіленді. Елордада барлық бес ауданда насыбай мен вейп өнімдерін сату және өткізу фактілерін анықтау мақсатында рейд жұмыстары жүргізілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шегілмейтін темекі өнімдерін сату мен таратудың 50-ге жуық фактісін анықтады.

Базарда насыбай сатушы Күлән Анарбекова тәртіп сақшыларына бар жағдайын айтып, түсіндіруде. Шөбересінің науқас екенін алға тартып жасырын сатып отырған тауарын тастап кетуді өтінді. Алайда заң бәріне ортақ, ол үлкеннің өтініші мен көз жасына қарамайды. Жасы 70-тен асқан зейнеткерге зиянды өнімді тығып сатқаны үшін 45 000 теңге айыппұл салынды.

Күлән АНАРБЕКОВА, САТУШЫ:

Мен Шымкенттен, Абайдан алдырамын. Өзіміз егеміз ғой оны.

Қала тұрғындары арасында шайтан базар аталып кеткен маңда насыбай сататындар көп. Бұрын жайып сататын болса, қазір тығып береді. Тіпті базар маңайында саудагерлерге көтерме бағамен жеткізіп беретіндер де бар. Елордалық Бекзат Үсіпбеков 4 айдан бері насыбай сатумен айналысады. Өзі өнімді Шымкент қаласынан алдырады.

Бекзат ҮСІПБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Айына бір қап, екі қап алдырамын. Бастағаныма 4 ай болды. Заң күшіне енді ғой, енді тоқтатамыз. Қазір анада екі мешок тұр. 55-60 келідей бар.

Рейд жұмыстары жабық базар ішінде жалғасты. Тәртіп сақшылары мұнда бұрын насыбай сатқандардың сөрелерін ақтарып шықты. Алайда ештеңе табылмады.

Наталья БЕРИКХАНОВА, БАЗАР ӘКІМШІСІ:

Насыбайға тыйым салынғанын білгеннен бастап, базар ішінде сататындарға ескерту жасалды. Бұл өнім сөрелерден алынды. Күнделікті бақылау жүргізіп отырамыз. Қазір ешкім сатып жатқан жоқ. Ал егер сатып жатқанын анықтасақ, ол саудагермен келісім шарт тоқтатылып, сауда орнын қайтарып алатын боламыз.

Ел бойынша вейп нарығында 6000 сауда орыны тіркелген. Ресми статистика осылай дейді. Ал бейресми сатып жатқандардың нақты саны жоқ. Алайда, енді пайда ойлаған мұндай сатушылардың жолы түбегейлі кесіледі.

Дастан ТАЛҒАТҰЛЫ, «САРЫАРҚА» АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, насыбай- вейп сынды өнімдерді таратуға, өндіруге және сатуға тыйым салу көзделген. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сататындарға қарсы 18-31 наурыз аралығында рейд жүргізіледі.

Қаладағы дүкендерді аралау кезінде шегілмейтін темекі өнімдерін сату және тарату фактілері анықталды. Оларға 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл көзделген.

Ұлан АМАНҒАЗЫҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕР АЛЬЯНСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Алматы ауданының әкімдігі және Астана қаласының жастар саясатының мәселелерінің басқармасы және қоғам белсенділері бірігіп эльфбар сататын, одноразка сататын дүкендерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алматы ауданында 43 осындай эльфбар сататын дүкен жұмыс жасап жатыр.

Әлем бойынша 40-тан астам мемлекетте шегілмейтін темекі өнімдерін сату заңмен шектелген. Қазақстан да бұл мәселеге нүкте қоймақшы.