Русский Сайттың толық нұсқасы

Экс-премьер Серік Ахметовтің жаза мерзімі 1 жыл 7 айға қысқаратын болды

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2017
  • 3165

Экс-премьер Серік Ахметовтің жазасын өтеу мерзімі 1 жыл 7 айға қысқарады. Бұрынғы шенеунікке тағайындалған жаза мерзімінің азаюына Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы заң негіз болған. Бүгін Қарағанды облысы Қарабас ауылындағы АК 159/18 түзету мекемесінде Абай аудандық сотының көшпелі отырысы өтті.

Гүлбаршын Жітікова, Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:

Абай аудандық соты оның өтінішін қабылдады. Серік Ахметовтің өтелмеген жазасы «Рақымшылық туралы» заң күшіне енген күннен бастап 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқартылды. Соттың қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Қаулы жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде оған қатысты шағым түсіруге немесе қарсылық білдіруге болады. 


Еске салайық, Серік Ахметов 2015 жылы желтоқсанда 10 жылға сотталған. Ол бюджет қаржысын жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу баптары бойынша кінәлі деп танылған. Артынша бұрынғы премьер-министр мемлекетке 2 миллиардтан астам қаражатты қайтарды. Осы үшін жаза мерзімі 8 жылға дейін қысқартылған. Енді рақымшылық заңының арқасында оның түрмеде отыру мерзімі тағы азайтылып отыр. Абай аудандық сотының мәліметіне сәйкес, экс-шенеунік 4 жыл 10 айдан кейін босатылуы мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН