Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте ұлтымыздың ұмыт қалған әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қайта жаңғырды

Шымкенттіктер де ұлтымыздың ұмыт қалған әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртты. Мегаполис халқы наурызнаманың әр күнін барынша сән-салтанатымен атап өтуде.

Наурыз алаңында ұйымдастырылған іс-шараның мәні мен маңызы бөлек. Халық жадында сақталып, әлі желісін үзбеген «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Қыз ұзату», «Беташар» сынды салт-дәстүрмен шектелген жоқ өнер ұжымы. Ұмыт қалған жөн-жоралғыларды жаңғыртты. «Балаға ат қою», «Жақсының орнына аунату», «Ашамайға мінгізу», қыз балаларға қатысты «Құлақ тесу», «Бұрым өру», «Қызды оң босағаға шығару» сияқты бүгінде көпшілік мән беруді қойып, ұмыта бастаған ұлттық құндылықтар насихатталды. Тағылымы мол көріністің бірі –қызды жеңгесіне телу.

Мән-маңызы терең жөн-жоралғы көп. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар десек те ықылым заманнан ұмытылмай жеткен салт-дәстүрлерімізді бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс,- дейді мәдениет жанашырлары.

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ -ӘМБЕБАП КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН:

Адам өмірге келгеннен бастап оның ер жеткенге дейінгі, қыз баланың бойжеткенге дейінгі дәстүрінің барлығын рет ретімен көрсетіп жатыр. Осының ішінде өзіме де қызық болғаны мысалыға ұл баланы ашамайға отырғызу. Бала есін біліп, атқа отыратындай жағдайға жеткен кезде оны өзінің нағашылары тайды алып келіп, жетектеп алып келіп, өзі өнегелі, өмірі өнегелі адам оны ашамайға мінгізуі бұл біздің бірәздан бері ұмытылып кеткен дәстүріміздің бірі.

Мамыркүл ЕЛЕМЕСҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ:

Салт-дәстүрімізді арықарата жалғастыру үшін әрбір шаңырақта Мұхтар Әуезов айтқандай «Егерде балаң дұрыс тәрбие алатын болса, түтініңді, отыңды дұрыс жақ» деген. Түтініміз түзу шығатын болса біз қазақ халқы ештеңеден кенде қалмаймыз деп ойлаймын. Бесік басында отырып әлди айтса «әлди бөпесін», одан кейін балаларға ханталапай асық ойынын ойнатып, аударыспақты үйретсе, қазақтың дәстүрі еш уақытта ұмыт қалмайды деп ойлаймын.

Көктемнің шуақты күнінде мерекеге жиналғандар әсем ән тыңдап, мың бұралған бишілердің өнерін де тамашалады. Мегаполис халқы наурызнаманың онкүндігін барынша сән-салтанатымен атап өтіп жатыр.