Наурыз мейрамын еліміздегі өзге ұлттың өкілдері де өзіндік сән салтанатпен атап өтуде. Олар да бұл мерекені асыға күтеді. Қазақ жерінен тұрақ тапқан ұйғырлар көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерiн, әдет-ғұрыптарын жаңғыртып, атадан балаға құнды мұраны паш етті.
Айдана ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
Наурыз -елді біріктіретін, өкпе-назды ұмыттыратын, сыйластықты арттыратын үлкен мереке. Тіліне, ұлтына қарамастан Қазақстандағы барлық ұлыстардың үлкен мерекесі. Әр ұлттың қайта жандануына наурыз өз септігін тигізіп келеді. Бүгін біз ұйғыр ұлтымен Ұлыстың Ұлы күнін бірге тойлайтын боламыз.
Мерекеде олар ән айтып, би биледі. Бір-бірінің үйін аралап, қонақ болады, ақсақалдардың батасын алады. Наурыз күні үйге келген қонақ өзімен бірге құт-береке әкеледі деп сенеді. Қыз-келіншектер түрлі түсті көйлектер киіп, бастарына мата қиындылармен безендірілген орамал тартады. Дәстүрді атадан-балаға қалдыру мақсатымыз дейді үлкендер.
Найилям ВАЖИТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бұл - енді ұрпақтан-ұрпаққа қалатын дәстүрлер. Осы дәстүрлерді біз сақтап келеміз. Сондықтан біз дастарханның басына балаларымызды жинап, соларды үйретеміз
Ұйғыр халқы Наурызды қалай қарсы алса, келер жыл солай өтеді деп түсінеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленуді мақсат етеді. Молынан дастархан жаяды. Бұл күні дайындалатын тағам неғұрлым көп болса, соғұрлым келер жыл ырысқа толы болады деп болжайды.
Гулбахрам ТУРДИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Біз міндетті түрде көрші – қолаң болып дастархан жаямыз. Әр әйел ұлттық тағамдарымызды дастарханға ұсынады. Ең басты тағам бұл – санза. Санза қамырдан иленеді. Санзаны әзірлеу тыңғылықты жұмысты тталап етеді.Біздің тағы бір ұлттық тағамдарымыздың бірі – жұта. Орама нан өте жұқа қамырдан ортасына сәбіз қосып дайындалады.
Наурызды тойлайтын ұлт пен ұлыстың тағамдары әртүрлі болғанымен, берекелі дастархан басында айтатын тілегі- бір. Ол – ел амандығы, жұрт тыныштығы.