Бұған дейін әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысындағы Мұратсай ауылында түсірілген трактор тіркемесінде отырған 11-сынып оқушыларының видеосы тарап еді. Осы оқиғаға қатысты Бөкей ауданының әкімдігі пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео авторы журналист Лұқпан Ахмедияровтің сөзінше, Оралға ҰБТ тапсыруға бару үшін балалар тас жолға дейін осылай жетуге мәжбүр. Ал жолдың ұзақтығы 18 шақырым екен. Әрі қарай тағы 550 шақырым жүріп, Оралға жетеді. Видео астына "Жаңа Қазақстан" деп жазған журналист осылай бір ауылдың мәселесін көрсетті.
Осы оқиғаға қатысты әкімдік ауылдық округ әкімі мен мектеп директоры жазаланғанын хабарлады. Бейнеролик 17 наурызда Мұратсай ауылында түсірілген.
“Оқушылардың ата-аналары ақылы жеке тасымалдаушымен оларды Мұратсай кентінен Сайқын – Өнеге – Орал республикалық жолына дейін жеткізуге келісті. Балалардың трактормен жүретіні туралы жергілікті әкімдік пен полиция бөліміне хабарламады. Қазір оқушылардың бәрі Оралға аман-есен жетті. Мұратсай ауылдық округінің әкімі мен Мұратсай ауылындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушыға қатысты сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды”, - деп хабарлады әкімдік.
Сондай-ақ учаскелік инспекторға қатысты қызметтік тергеу басталған.