Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте алаяқтық жасады деп айыпталған нигериялықтар сотталды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2017
  • 3074

Шымкентте алаяқтық жасады деп айыпталған нигериялықтар сотталды. Шетел азаматтары былтыр қыркүйектің соңында қамауға алынған. Қазақстан аумағында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілініп құрықталған еді. Істі қараған судья еліміздің сот жүйесінде мұндай іс бұрын-соңды қаралмағанын айтады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Нигериялық қос күдіктінің ісі Әл-Фараби аудандық сотында бір айға жуық қаралды. Судья аса ірі көлемде алаяқтық әрекет жасамақ болған африкалық азаматтарды 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Айыпталушы екеу шымкенттік кәсіпкерлердің бірімен танысады. Қазақстанның экономикасына қомақты инвестиция салуға ниетті екенін айтады. "Шабадан толы АҚШ ақшасы бар, тек оны шекарадан өткізу үшін қара түспен бояуға мәжбүр болдық" деп сендірген. Енді сиқыршылық жолмен кәдімгі ақшаға айналдырамыз. Бұл үшін осы сомадағы шетел ақшасы керек деп, 16 мың доллар алдыртқан. Әу баста бұл сандыраққа сеніп қалған кәсіпкер кейіннен есін жиып, құзырлы орындарға шағымданады. 

Талғат Қахаров, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

Доллардың қасында қара қағазды ұстаған. Химиялық анализ жасап, сол қара долларды растворды сумен жағып, қара қағазды доллар жасаған. Ал кейін сол химиялық анализ жасағанда светті өшіретін еді. Светті өшіргенде бәрін айырбастап, қара қағазды беріп, солай алаяқтық жолмен 16 мың долларды пайда табамыз деп жүрген.

Жоқтан бар жасамақ болғандар қылмысын мойындамай келген. Тек жасырын түсірілген бейнежазбаны айғақ ретінде ұсынғанда бұлтара алмады. Аудармашының көмегімен олардың құқығын қорғаған адвокаттың өзі айран асыр. "Бизнесті дамытуға келдік" деген жауаптан соңғы сәтке дейін екеуі де танбады деп отыр. Бір айта кетерлігі, нигериялықтар біздің елге заңды түрде келген. Уақытша тіркеулері де бар. 

Өрісбай Дәуренбеков, адвокат:

Сот ең төменгі жаза берді және рақымшылық туралы заңын қолданып, төрттен бір бөлігін қысқартып, түпкілікті 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру, жалпы режимде өтеу жөнінде үкім шығарды.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қорғаушының айтуынша Африка азаматтарының отбасылары олардың сотталып жатқанынан хабардар. Тек сот жүрген бір ай мерзім ішінде ешқандай іздеу-сұрау болмапты. Айта кетейін, сотталғандар жазасын ел аумағындағы түзеу колониясында өтейтін болады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Жаза арқалағандардың апелляциялық шағым түсіретіні, не түсірмейтіні  әзірге белгісіз.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ